Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ тарихының темірқазығы

0 203

Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Түркілерге пана, Түркістанға аға болған бұл Тараз. Бұл – ғасырлар толғағының ғаламат туындысына берілген әділ баға. Екі мың жылдық тарихында Ұлы Жібек жолын жалғаған алтын тәжді шаһарға айналды. Бүгінде қойнауына құт қонған мекен тотыдай таранып, жасарып, жаңара түсті. Тәуелсіздік таңының шуағымен егеменді елдің еркін Самұрығы іспетті самғауда.

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары – талай дарынның томағасын сыпырып, қанатын қомдап, қияларға самғатқан құтты мекен. Киелі Әулиеата топырағында өмірге келмесе де, осында білім алып, еңбек етіп, жарқын жетістіктерге қол жеткізген тұлғалар сан салада баршылық. Бүгін солардың біразына тоқталуды жөн көрдік.

Қазақ детективінің атасы атанған белгілі жазушы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев бір кездері қазіргі облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет атқарғанын көпшілік біле бермейді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әке туралы ой-толғау» атты естелігінде: «Университетті бітірген 1948 жылы әкей Жамбыл қаласына барып, облыстық газетте бір жыл істеді, соңынан Алматы қаласына «Қазақстан пионері» балалар газетінің редакциясына ауыстырылды», – деп жазады. Қаламы қарымды журналист Жамбыл жерінде жүріп көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттың ұпайын түгендеді. Айталық, 1948 жылы 18 тамыз күні жарық көрген газеттің №164 санындағы «Алыстағы қалыңдық», 1948 жылы 28 қыркүйек күнгі газеттің №193 санында жарияланған «Темекі егушілердің еңбегі», 1948 жылы 24 қазан күнгі №212 санында жарияланған «Жас гвардия» және «Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін» сынды мақалалары сарғайған басылым беттерінде сайрап тұр. Сондай-ақ «Қордайда егін жинау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» атты мақаласында аудандағы колхоз басшыларын өткір сынға алады. Мұның өзі оның туралықтан таймайтын, ақ сөйлеп, әділін айтатын қаламгер екендігін айғақтап тұрғандай. Осылайша қан майданда Отан үшін от кешкен жауынгер жазушының Жамбыл өңірінен басталған журналистік жолы оны беделдің биігіне көтерді. Бұдан кейін ол еліміздің маңдайалды басылымдарында ұзақ жылдар бойы түрлі жауапты қызметтер атқарып, еш атаққа, мансапқа, дүниеге қызықпаған қалпында қаламын жанына серік етіп ғұмыр кешті.

Қазақ пен қырғыз ғана емес, күллі адамзатқа ортақ болған заманның заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың да өмір жолы Әулиеатамен тікелей байланысты. Ол Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) зооветеринарлық техникумда білім алып, 1948 жылы оны үздік аяқтаған. Оның осы білім ордасына оқуға түсуінің де өзіндік тарихы бар.

Сол жылдары Шыңғысты туыстары ойласа келе, мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнына жіберуді құп көреді. Ол кезде аталған техникум Жамбыл қаласы Абай көшесіндегі №12 үйде, яғни қазіргі Т.Рысқұлов атындағы саябақтың теріскей бетінде, «Ботагөз» мейрамханасы мен «Қазақстан» кинотеатрының ортасында орналасқан екен. 1960 жылы Төле би көшесіндегі техникумның үш қабатты жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, жатақханамен қамтылады. Өкінішке орай, әлгі ғимарат алпысыншы жылдардың бас кезінде бұзылып кетіпті.

Шыңғыс оқыған техникумның екі жатақханасы болған. Бірі – Үлкен Қарабақыр көшесінде, екіншісі – Пушкин көшесіндегі №22 үйде орналасқан. Деректер бойынша көрші республикадан келген Шыңғыс осы жатақханалардың бірінде тұрған. Бір қызығы, ақын, жазушы, жерлесіміз Оспанәлі Иманәлиев Шыңғыс Айтматовпен техникумда бірге оқыған екен.

Естеліктерге сүйенсек, студент Шыңғыс өзі оқыған оқу ошағының қабырға газетіне орыс тілінде мақала да жазып тұрған. Көп сөйлемейтін, үнемі ой үстінде жүретін жігіт оқу орнындағы комсомол ұйымының жұмысына да белсене араласқан. Түрлі жиындарда орнықты ойымен көпшілік құрметіне бөленген кезі де аз болмапты.
Театр өнерінің ірі тұлғасы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой режиссер, талантты актер, Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпанов та Тараздың топырағын басып, ауасын жұтып, суын ішкен. Ол 1969-1973 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында бас режиссер әрі көркемдік жетекші болып еңбек еткен. Дарынды режиссер ретінде танытқан сахналық қойылымдары өте көп. Ол әсіресе дүниежүзі драматургтерінің, орыс, қазақ, шетел классиктерінің, туысқан елдер қаламгерлерінің шығармаларын барынша қамтып сахналауға үлкен мән берген. Сондай-ақ оның жанры да, тақырып аясы да сан алуан.

Асқар Тоқпанов облыстық театрда сахналаған қойылымдарының ішінде Бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілегендері жетерлік. Мәселен, Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы Бүкілодақтық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанған. Тоқпановтың өзі сол спектакльде В.И.Лениннің рөлін сомдапты. Сондай-ақ 1972 жылы Жамбыл театрында көрерменге ұсынылған С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» спектакліндегі Ажар рөлі үшін Рахима Тезекбаева Қазақстан театрларының І республикалық байқауының лауреаты болған. Бұдан бөлек, оның режиссерлігімен көпшілікке жол тартқан М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» және М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектакльдері өз өміршеңдігін жоғалтпай, ұзақ жылдар бойы сахнадан түскен жоқ.

Асқар Тоқпанов сахнада ондаған рөлдер сомдап, сүбелі бейнелер жасаған дарынды актер де болған. Мәселен, ол «Асауға тұсауда» Лорд пен Педантты қатар ойнаса, «Абайда» Сырттан биді, «Майрада» адвокат Ақаевты, «Кремль куранттарында» Ленин бейнесін нақышына келтіре сомдап шыққан. Драматург ретінде Тоқпановтың қаламынан «Тазша бала», «Тасыған төгіледі» сынды пьесалар туған. Ал аудармашы ретінде ол Чеховтың «Шағаласы» мен «Ивановын», А.Н.Островскийдің «Шындық – қатты, бақыт – тәттісін», М.Горькийдің «Форма Гордеевін», Ибсеннің «Лорасын», Сафроновтың «Стряпухасын», Салынскийдің «Серуендегі сергелдеңін» қазақша сөйлеткен.

Жамбыл театрына сол жылдары жұмысқа келген Мақсұт Салықов, Нұрсифат Салықова, Гүлжарқын Сәдібекова, Жорабек Шүленбаев, Қанипа Ерғалиева, Оразғали Әбділманов, Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Әлібек Әмзеев, Төлентай Жүршиев, Сара Рахманқұлова, Әуесхан Шәймерденов, Ахмет Өтебаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, Мәкен Райсханова, Жұмасан Дүйсекенов, Кәмила Әбжанова, Люба Үсіпжанова, Рахима Тезекбаева, Қауия Мәденова, Әубәкір Рахимов, Асан Омарбеков және басқалар – Асқар Тоқпановтан көп нәрсе үйреніп, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері. Ол сол уақытта Жамбыл гидромелиоративтік-су құрылысы институтының 2-курсында оқып жүрген Тұңғышбай Жаманқұловтың актерлік өнердің хас тұлпары болатындығын алыстан танып, оның әке-шешесінің алдына қайта-қайта барып жүріп, ризашылықтарын алып, тұңғыш рет Жамбыл театрының сахнасына шығарған. Одан соң қолынан жетектеп Алматыға апарып, өнер институтына оқуға түсірген де сол болатын. Жалпы замандастары, әріптестері, шәкірттері ғана емес, сыншылары да тау тұлғаны «Жамбыл театрында Тоқпановтың өнер мектебі қалыптасты» деп бағалаған. Бүгінде облыстық драма театрға Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, еңселі ескерткіші алыстан менмұндалап тұр.

Сонау 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасын еске алғанда, ойымызға Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Қонақбаев қатар оралады. Жауырыны жер иіскемеген Жақсылық Үшкемпіров Жамбылдың тумасы болса, Серік Қонақбаев та бұл өлкеге бөтен емес. Олай дейтініміз, Павлодарда дүние есігін ашқан ол 1981 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «құрылысшы-инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы әлемнің үздік әуесқой боксшысы атанған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инспекторы, Алматы комсомол комитетінің хатшысы сынды жауапты қызметтерді атқарған. 1996-1998 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы да болған. Кейін, яғни 2004-2011 жылдары Жамбыл облысының атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды.

Саясаттың сақа сардарларының да ізі Таразда сайрап жатыр. Бұл тізімнің басында ұзақ жыл Алматы облысын басқарған Амандық Баталов тұр. Амандық Ғаббасұлы 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының «инженер-гидротехник» мамандығында білім алған. Арман қуып Таразға келген бозбала оқуды үздік аяқтап, еңбек жолын аға прораб болып бастайды. Егемендік жылдары саясатқа белсене араласып, Алматы облысының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Амандық Баталовтың бірнеше аудан мен облысқа әкім болған жылдары тек жарқын жетістіктіктермен, аймақтардың дамуымен жұртшылық жадында.
Еліміздің тарихында облысқа әкім болған алғашқы әрі әзірге соңғы нәзікжанды Гүлшара Әбдіқалықова да – көне шаһардың тарихи тағылымынан сусындап, өнегесін бойына сіңіргендердің бірі. Ол Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтының «экономист» мамандығының 1987 жылғы түлегі. Еңбек жолында бас инспектор болып бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Мемлекеттік хатшы, Президенттің кеңесшісі сынды қызмет сатыларынан өткен Гүлшара Наушақызының саясат сахнасында өз орнын тауып, білікті басшыға айналуына Әулиеатада алған білімі азық болып, септігін тигізгені сөзсіз.

Ел арасында «Таразға таяқ ұстап келген адам тай мініп қайтады» деген қанатты сөзге айналып кеткен тәмсіл бар. Расында, Жамбыл жері талай тұлпарды құлын кезінен танып, даңқтың даңғыл жолына бастады. Тарихтың парағына көз жүгіртсеңіз, мұндай тұлғалардың легі жоғарыдағы азаматтармен ғана шектелмейтінін де аңғаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, мыңжылдықтар тоғысындағы көне шаһар ұлтым деп жүрген ұлы тұлғалардың алтын ұясы іспетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.