Қалалық қоғамдық-саяси газет

Менің атым Шерхан

0 466

Халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туылғанына 90 жыл толды. Жамбыл жерінде жазушының есімін арқалап жүрген жандар аз емес. Қазақ ырымға, өз ойындағыдай боларына, және өз нанымы көңіліндегісін көкке өрлететініне имандай сенген. Осы тұрғыдан ұлына Шерхан деп есім бергендер «Шер-ағаңа ұқсасын» деп ниет еткені анық, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі

Осы орайда ең алдымен сонау Талас ауданы, қарт Қаратау мен ана Билікөлдің жағасында қоныс тепкен туған жерім алақандай ғана Майтөбе ауылындағы Дәулеттің ұлы Шерхан есіме түсті. Атасының аты Мұртаза. Енді бала Шерхан жазушының есімін ғана емес, тегін де алып жүр. Шерхан Мұртаза!

Мән-жайды тереңірек білу мақсатында ауылдас жеңешем, бала Шерханның шешесі Алтыншашқа қоңырау соқтым. Аман-саулықтан соң, ұлының есімінің тарихы туралы сұрай бастадым. Алтыншаш жеңгем, осы тұста мен білмейтін жаңалықтың бір ұшын ағытып:

– Менің ұлыма Шерхан деп ат қойған сенің анаң! «Шерхан атасына ұқсасын» деп ырымдап еді. Енді міне ұлым биыл бірінші сыныпқа барды. Орынсыз ойнап-күлмейді. Мінезі салмақты. Сабаққа ынта-зейіні де керемет. Осы мінезіне қарап, біз де бұл есімнің ұлыма дәл тауып қойылғанына, ата Шерхан сияқты елдің азаматы болғанына тілектеспіз, – деді жеңешем.

Осы кезде менің есіме осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға оралды. Кітапханадан Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабын арқалап келдім. Анам екеуміз жарыса оқыдық. Сол кітапты бастағалы шешемнің көз жасы құрғамады. Ондағы кейіпкерлермен бірге тұншыға жылайды. Дәрігер шақыртып, қан қысымын түсіріп әлек боламыз. Алайда кітапты алып қоюға дәтіміз бармады. Себебі анам бұл уақытта Шерхан Мұртазаны оқымаса тұра алмайтын хәлге жетті. Сол жазушыны бір көруді арман етті. Кейін бір жиында Шер-ағаға шай құю бақыты бұйырғанын әлі күнге айтып, мақтанып отырады. Мен анамнан бала Шерханның есімін қойған сәттегі сырын сұрадым.

– Мен Шерханның әжесі Бейбіткүлмен өте жақын құрбы, бауыр болып араластым. Көзінің тірісінде «бір немеремнің атын сен қойшы» деп жүретін. Бұл тілегі ол кісі дүние салғаннан кейін ғана орындалды. Бірде Дәулет келіншегі үшінші қызын дүниеге алып келгеніне көңілсізденіп тұр екен. Атұстарын күтіп жүргенін жанарынан ұғып: «Келесі жылы келін ұл туады. Атын мен Шерхан деп қоямын» дедім. Ол басын изеді. Айтқаным айдай келіп, араға жыл салып келін ұл туды. Есімін Шерхан деп қойдым. Мұның себебі мен жазушы Шерханды сүйіп оқимын. Сол кісі сияқты тұлға болсын деп ырымдадым. Оның үстіне тегі де сәйкес келіп тұр. Міне баламыз биыл мектепке барды. Бала Шерхан – дана Шерхан Мұртазаға ұқсаса жаман болмайды – деді анам ағынан жарылып.

Адалдық алаңындағы Шерхан

Біз іздеген Шерхан Мұртазамен аттас келесі кейіпкер Сарысу ауданы, ауданының тумасы Шерхан Бейсенбайұлы. Бейсенбай мен Мейрамгүлдей ұлағатты ұстаздардың отбасында дүниеге келген үйдің төртінші перзенті.
Шерхан жеті жылға жуық туған ауылында мемлекеттік қызмет атқарған. Бүгінде 3 жылға жуық уақыт өлшемінде Сарысу ауданының Адалдық алаңы жобалық кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарып жүр.

1992 жылы, 14 желтоқсан айында Мәжен әулетінің шаңырағында ұл бала дүниеге келеді. Дәл сол уақытта Тәуелсіздік күні қарсаңында Шерхан Мұртаза Сарысу ауданы, Жайылма жеріне ат басын тіреген. Сонда Бейсенбай Шерханның алдына арнайы барып: «Ұлым дүниеге келді. Сіздің есіміңізді берсем деген ниетім бар» деп өтініш білдірген екен. Шер аға дән риза кейіпте, батасын берген.

Бүгінде Шерхан отбасын құрып, екі қыз баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке.

– Ұстаздар династиясы салтанат құрған отбасында дүние есігін ашқан соң, бауырларымның барлығы ұстаздық жолын таңдады. Сондықтан көзімізді ашқалы біліммен сусындап өстік. Мен Шерхан атамның есімін арқалап жүргенімді мақтан тұтамын. Ол кісінің жазған шығармаларымен таныспын. Еңбектерінен өзіме қажетін санама сақтап, ойыма түйіп, сабақ алып, ұқсап бағуға тырысамын. Шерхан есімін арқалап жүрген соң, бұл есімге кір жуытпауға іштей өзіме уәде бергенмін. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың эпистолярлық жанрдағы бір-біріне арнап баспасөзде жазған хаттары арқылы ел мен жердің тағдырын қозғағаны қандай әсерлі, жан тебірентерлік?! Қазақстанның даму және болашағы жолында айтқан пікірлері маған ой салды. Сол кісілердің өнегелі ісі, дара жолымен із қалдырсақ деген ниет бар. Біздің мемлекетіміздің өркендеп, дамып келе жатқан ізгілігі сол кісілердің берген өнегесі деп есептеймін. Адалдық алаңында Шерхандай тұлға болып қалыптасуға бар күш-жігерімді жұмсаймын – деді Шерхан Бейсенбайұлы.

Шерханнан Шерханға

1992 жылы Шерхан Мұртаза депутаттыққа түседі. Сол жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына іссапармен ат басын бұрады. Ұлы отан соғысының ардагері Даниярбек Арыстанбекұлының шаңырағында дәл осы уақытпен тұспа тұс ұл немере дүние есігін ашады. Шерхан Мұртаза іспетті жазушы, журналист, қаламгер болсын деген ниетпен есімін қоюға бел байлайды.

Ауылына келген жазушымен кездесуге арнайы барған соғыс ардагері Шерханның қолын алып, немересіне атын бергенін айтады. Сол сәт «Шерханнан Шерханға» деген қолтаңбамен кітап сыйлаған екен. Одан өзге тағы бір қызығы бұл үйдегі үш ұлды да жазушылардың есімімен қойған. Тұңғыш ұл Олжас – Сүлейменовке, ортаншы ұл Шерхан – Мұртазаға, кіші ұл Аян – Нысаналинге ұқсасын деген ниеттен туған есімдер екен.

Осы орайда Шерхан Мұратбекұлы өз есімінің сырына тоқтала кетті:

– Әкем Мұратбек Арыстанбеков еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Қазір басшылық қызметте яғни Тұрар Рысқұлов ауданы, Абай ауылының әкімі. Қолынан келгенше әрдайым ақыл-кеңесін аямайды. Анам Шакизат Шұбатаева «Ұлан» мектеп-гимназиясында директор қызметін атқарады. Осы қос қанатыма қарап бой түзеймін. Тәрбиесін алып, өнегесін тыңдадық. Журналистикаға жетелеген де сол кісілер. Шерхан Мұртаза туралы бүкіл қазақ баласы жақсы біледі деп ойлаймын. Шер-ағаңның ұрпаққа жазып қалдырған құнды дүниелері, шындық туралы айтқан өсиеттері, жазған кітаптары біздің болашақ ұрпаққа мол азық. Менің өмірлік принципім ешкімнің ала жібін аттамау, өтірік айтпау, әділдіктің ақ туын кірлетпеу. Біздің қара шаңырақтың перзенттерінің есімі болашаққа, дұрыс жол таңдауға, өмірден өз орнымызды алуға себепкер. Есім таңдаудан ата-анам жаңылыспағанына шүкір етемін – дейді Шерхан Мұратбекұлы.

Бір кем дүние. Бүгінде Шерхан Мұртазаның өзі болмаса да, есімін арқалап жүрген батырлар бар. Солар аман болсын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.