Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолдың жайы шаруалардың жанына батып тұр

0 350

Жамбыл облысының қай ауданын алып қарасаң да, аграрлық саланың асығы алшысынан түсіп тұр. Алайда шаруалар өндірген өнімді өзіміз тұтына алмай, іш қынжылуда. Оған дәлел, бүгінде Меркі ауданының шаруа қожалықтары сүт, қымыз, шұбат пен ет өнімдерін жолдың нашарлығынан аудан орталығына жеткізе алмай, халық көрші Қырғыз еліне алақан жайып отыр.

«Тәтті-Сарғобы» жолының ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Бұл жол сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары асфальтталған. Одан кейін тас жол жаңару көрмеген. Нәтижесінде бүгінде жағдайы мүшкіл күйде. Аудандық маңызы бар тас жол болса да, оны жөндеуге жергілікті билік құлық танытпаған. Соның салдарынан құмда орналасқан шаруалар өнімін жеткізе алмай, айдалада қалған көштің кейпін киюде.
– Меркілік шаруалардың дені төрт түлігін құмда ұстайды. Алайда аудан орталығына қатынайтын жолдың нашарлығынан көбісі өнімін сауда орындарына жеткізе алмауда. Егер жол жөнделсе, меркіліктер сүттен де, еттен де, қымыз бен шұбаттан да тарылмас еді. Шаруалардың өнімі ауданды ғана емес, тұтас өңірді қамтуға жеткілікті. Алайда жолға жергілікті билік көңіл бөлмегендіктен, халық қырғыздың тауарына тәуелді болып отыр. Ал айырқалпақты ағайыннан өнім құбылмалы бағамен келетіндігі белгілі.
Аталған жол шаруаларға ғана емес, наркобақылау департаменті, өрт сөндіру қызметі мен орман шаруашылығы салаларының да жұмысына маңызды. Сондықтан бұл жолға көңіл бөлетін кез келді, – дейді меркілік кәсіпкер Совет Құлмамбетов.


Шаруалардың жанайқайы орынсыз дей алмайсың. Себебі өз өніміміз бола тұра, өзгенің тауарын тұтынатындай не күн туды? Бұл мәселені облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те сан мәрте көтеріп, аймақ өз-өзін қамтамасыз ету қажеттігін ескерткен болатын.
– «Тәтті-Сарғобы» жолының жайы талай жылдан бері айтылып келеді. Бұған дейін жолды жаңғырту мүмкін болмаған болса, биыл аудан әкімінің тапсырмасымен «Шуқұрылысжол» ЖШС жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге кірісті. Әзірге құрылыстың нақты сметалық құны белгісіз. Алайда келер жылы жолға қиыршық тастар төселеді деп күтілуде. Одан кейін асфальт жүргізу мәселесі де шешіліп қалар.
Бір айта кетерлігі, жол құрылысының сметасында жарық жүргізу қаралмаған. Әзірге «Нартов» шаруа қожалығы ғана Қарасу елді мекенінен шаруашылық орналасқан 17 шақырым аралығына өз есебінен жарық жүргізіп алды. Жолдың қалған бөлігі жарықтандырылмайтын секілді. Себебі ол жобада жоқ, – дейді Тәтті ауылдық округінің әкімі Талғат Әлметов.


Округ әкімінің сөзіне сүйенсек, құмда шамамен 160-қа жуық шаруашылық орналасқан екен. Алды 28 отар қой бағып отырса, үйір-үйір жылқы ұстағандары да бар. Сондай-ақ асыл тұқымды мүйізді ірі қара шаруашылығын дамытып, ет пен сүт өндірісін қолға алған қожалықтар аз емес. Міне, осы шаруалардың бәрінің 89 шақырым жолға күні қарап отыр.
Талғат Әлметов «Нартов» сынды ірі шаруа қожалықтар мұздатқышы бар көліктерімен өнімдерін орталыққа өз күштерімен тасып жатқандарын айтады. Алайда бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар өнімдерін құмнан алып кететін жеке компанияларға өткізіп жіберуде. Ал алыпсатар алған өнім аудан тұрғындарына еселенген бағамен жететіндігі белгілі.
Бұдан бөлек, жол нашарлығынан құмдағы шаруа қожалықтарына жем-шөпті, азық-түлікті, сондай-ақ қыста жағатын отынын жеткізу де қиынның қиыны екен. Сондықтан мұндағы малшылар амалдап күндерін өздері көруде.
Меркі ауданына төрт ай бұрын Жорабек Баубеков әкім болып тағайындалғанын ел жақсы біледі. Жаңа әкім шаруалардың жанайқайына құлақ түріп, жол мен жарық мәселесін біржақты қылып шешіп береді деген үміт мол.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.