Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім саласының беделі биіктейді

0 249

Ғылым мен білім – шексіз де ізгі қасиетті ұғым, тұнба бұлақ қайнары. Адам баласы тіршілікте жаратылғалы бері оқып, білуге, үйренуге, жетілуге, өркениетке ұмтылып келеді.

Қай заманда да озық ойлы азаматтарға, ғалымдарға бас иіп, оның қоғамдағы, шәкірт тәрбиелеудегі рөлін жоғары қоя білген. Ал осы ғылым мен білімнің түпсіз тұңғиық әлеміне құлаш ұру да кез келген пенде баласының қолынан келе бермейді. Бұл – үлкен тәуекелдің ісі. Ол үшін туабітті қабілет-қарым, ой-сана, талмас талап сияқты қасиеттер кісі бойында болуы керек.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім жайлы орамды пікірлер айтылып, болашаққа нық қадамдар сыйлайтын бағыт-бағдар көрсетілген. Ол бағдар не туралы? Жолдауда Президентіміз орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екендігін атап өтті. Үш ауысыммен оқитын оқушылардың мектеп мәселесін толық реттеуге ниет білдіріп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтуды қолға алып, мақсат қылды. Ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғанын, сонымен қатар алдағы уақытта ұрпақтың мүддесі үшін жан-жақты ұстаздардың қалыптасуы бойынша мүмкіндік берілетініне де ерекше тоқталды.

Мен үшін қазіргі замандағы кәсіби білім беру – жас ұрпақтың мамандықты өздігінен таңдай алуы, шығармашыл және креативті ойлауы, өздігінен жұмыс жасауы, сонымен қатар қабілетіне қарай оқытылуына бағытталған жүйе. Заман ағымына қарай білім берудің жаңашыл бағытқа қарай өзгеруі, Жолдаудағы білім жайлы жаңа көзқарастар нышаны қоғамға білімді, өздігінен шешім қабылдай алатын, бәсекелестікке бейімді, жауапкершілік сезімі биік тұлғалар қажет екендігін расымен де ұқтырады. Сондықтан жарқын, саналы жастарды ұрпаққа сыйлау үшін білім саласына келгенде, өзіміздің де білімді әрі шебер бола білуіміз маңызды екенін ұқтым. Себебі оқушылардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін түрлі жұмыстар жасап, берілген жобаларда өз үлесімізді қосып отыру – біздің, яғни педагогтардың жауапкершілігінде деп білемін.

Қорытындылай келе, бұл Жолдауды аяғын аршындай басқан асқақ ойлы, абыройлы, еліміздің жарқын болашағын нұрландыруға арналған сәтті төлқұжаты деп білемін. Өйткені арман да, мұрат та – сонда. Бір сөзбен айтқанда, білім саласының беделі бұдан да биіктей түспек.

Бақыт Шертаева, Айша бибі орта мектебінің директоры Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.