Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ әдебиетінің қызыл жебесіне құрмет

0 621

Бүгін – баспасөздің Бауыржаны атанған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күні.

Ең биік мінберлерден ұлт жалауын желбіретіп, шындықтың шырақшысы атанған Шер-ағамыз арамыздан аттанғалы да төрт күз өтіпті. Таңдайына сөз ұялап, жұртының маңдайына сыймай кеткен тұлғаны қараша қазағы күнде сағынады. Өзі жазған бір кем дүниеге бүгінде Шер-аға жетіспей тұр.
Тау тұлғаның есімі қазіргі таңда көптеген нысандарға берілуде. Ресми мәлімет бойынша, Жамбыл мен Түркістан облыстарында 7 білім беру мен мәдениет мекемелері қаламгердің есімімен аталса, Ақтөбе облысы мен Алматы қаласындағы көшелерге Шер-ағаның аты берілген. Бүгін біз солардың бірқатарына тоқтала кетпекпіз.

Мектептер Мұртазаұлымен мақтанады

Дүбірлі той аясында атқарылып жатқан шаруа аз емес, ол туралы сәл кейінірек. Әңгіменің әлқисасын абыздың 60 жылдық мерейтойы тұсында түлкібастықтар көрсеткен құрметтен бастайық.

Сонау ел тәуелсіздігін енді ғана алған елең-алаң шақта, нақтырақ айтқанда, 1992 жылдың 11 қыркүйегінде Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылының Күмісбастау орталау мектебіне көркемсөз шеберінің есімі беріліпті. Мектеп директоры Көпжан Жұматаевтың айтуынша, аталған оқу ошағы еліміз бойынша алғаш рет Шерхан есімін иеленген нысан екен.
– Тұлғаның есімін еншілеуге, сол кездегі мектеп директоры Гүлбібі Ешенқұлованың еңбегі ерен. Шер-ағамыз өзінің атындағы мектепке алғаш рет 1997 жылы қараша айында бас сұққан болатын. Сондай-ақ 2006 жылы Ақбілек жеңгемізбен келіп, үлкен кездесу өткізген еді. Мектеп шағын жинақты болғанына қарамастан, гимназия статусын иеленді. Жуырда Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай ғылыми конференция ұйымдастырдық, – дейді Көпжан Тесікбайұлы.
Биылғы сәуір айы да жағымды жаңалықтарымен қуантты. Олай дейтініміз 44 ұлт қайраткерінің есімі облысымыздағы білім ордаларына берілді. Оның ішінде 4 мектеп Шер-ағаның есімін иеленді. Оның бірі – өзі туған жұлдызы биік Жуалыдағы №1 мектеп-гимназия болса, екіншісі – Қордайдағы №6 мектеп. Бұдан бөлек, Шу ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп пен Тараздағы №30 мектептің маңдайшасына енді Шер-ағаның есімі жазылып тұр.
Облыс орталығындағы білім ордасына Шерхан Мұртазаның есімін беру туралы ұсынысты мектеп ұжымы жасапты.
– Қуанышты хабарды алғашқы болып жеткізген Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген болатын. Бұрын мектеп-гимназияның мәртебесіне лайықты жұмыс атқаруға талпынсақ, енді Шерхан Мұртазаның атын иемденген соң, бұл жауапкершілік тіпті ауырлай түсті. Қазіргі таңда «Шерхантану» орталығын ашып, курсын жүргізіп, жерлес жазушының сөздерін мектеп дәліздеріне жазып, жыл сайын Шерхан оқуларын өткізуді қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Осы ұядан түлеп ұшқан талантты жастар аз емес. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мөлдір Әуелбекова, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, спортшы Айдос Теңгебаев және басқа да мақтаныштарымызды айтсақ та жеткілікті. Енді оқушылар Шер-ағамызды тіпті жақынырақ танып өсетін болды. Біз алдағы уақытта Шер-аға есімін білім ошағы тек абыроймен алып жүретініне кәміл сенеміз, – дейді Рахия Райқұлқызы.
Біз де осындай тау тұлғаның атын иеленген білім ошақтарының алар асуы алда деп сенеміз.

Руханият пен тарихты тоғыстырған орталық

Бәрімізге мәлім, 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ел игілігіне берілген нысандардың бірі – Руханият және тарихтану орталығы болатын. Аталған орталық та Шер-аға атымен аталады. Нысан директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, аталған орталықта бүгінде өңірге қатысты рухани құндылықтар, тарихи танымдар, салт-дәстүр, жоралғыларымыздың барлығы көрініс тапқан.
– Орталыққа Шерхан Мұртазаның есімін беру ұсынысы республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқаны тұлғаның жерлестері үшін зор қуаныш болғаны мәлім. Мұнда қазір жазушының көзі тірісінде облыстық кітапханаға сыйға тартқан заттары, өзі пайдаланған жазу машинкасы, сувенирлік қаламы, иіссу құтысы, кілемшесі, шапаны, мантиясы, портфелі, тіпті жеке «Киев» фотоаппараты, түрлі марапаттары, куәліктері және өзге де жеке басына қатысты құжаттары қойылған. Орталықта жергілікті айтыскерлер мен жазба ақындарды, жалпы қаламгерлерді қолдау бойынша шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда, – дейді Сауран Қалиұлы.
Орталық тарапынан Шер-ағамыз өзі тұрған Талапты ауылындағы үйінің ұрпақтарының шешімімен мемлекет меншігіне өтуіне байланысты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын жасап, жабдықтау жүргізілген. Сонымен қатар орталық торқалы той аясында «Ауылды, сені сағынам…» атты Шерхан Мұртазаның екі томдық кітабын дайындап, баспаға ұсынған болатын. 90 жылдық тойда әдеби-мемориалдық үйінің ашылуы, сонымен қатар аталған жинақтың тұсаукесері сынды бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Тау тұлғаның қолтаңбасы қалған Баспасөз үйі

Қалам тербеген журналистердің дені өздерін «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» дейтіні шындық. Сондықтан болар, Шер-аға баспасөзде жүрген барлық журналистің бет түзейтін темірқазығы, бас иіп бағалайтын бәйтерегі.
Тараздың орталығында орналасқан Баспасөз үйіне Шерхан Мұртаза есімін беру бірер жылдың бедерінде айтылып жүрді. Бұл бастама қоғам тарапынан да қолдау тапты. Нәтижесінде биыл тау тұлғаның табаны тиіп, қолының табы қалған Баспасөз үйіне де даңқты жазушының есімі берілді.
Бүгінде аталған нысанда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі, құрамына «Ақ жол», «Ар-Ай», «Знамя труда» газеттері мен «Жамбыл инфо» ақпараттық агенттігі кіретін «Әулиеата-Медиа» холдингінің ұжымы еңбек етуде.

Қанатын кеңге жайған халықаралық институт

Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2009 жылдан бастап тау тұлғаның шығармашылық мұрасын ғылыми зерделеу, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Институттың президенті, ұлттық руханияттың шынайы жанашыры болып жүрген Ерболат Саурықов ұлы тұлғаны ұлықтап, шығармашылық мұрасын кеңінен зерделеуге зор үлес қосуда. Аталған оқу орнының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаракөз Тамабаева жоғары оқу орнына Ш.Мұртаза есімін беру туралы арнайы орындарға ұсыныс беріліп, нәтижесі күтіліп отырғанын жеткізді.
– Абыз жазушының 90 жылдық мерейтойы аясында бұл жұмыстар жаңаша жоспарлануда. Өткен жылы «Қазақтың Шер-ағасы» көптомдық жинағының 11 томы оқырманға жол тартса, мерейтойға арналып бес томдық естелік кітабы әзірленді. Бұл кітаптың алғашқы томына қаламгерлік пен қайсар қайраткерлікті қатар ұстаған Шер-аға туралы әр жылдары танымал замандастары мен шәкірттерінің жазған эсселері енгізілген. Талантты қаламгердің көркем шығармалары мен туындыларының ішінде шоғыры биік туындысы «Ай мен Айша» роман-эссесі 2-кітапқа, ал кезінде жазушының шығармашылық қарымын шыңдап, Мемлекеттік сыйлық иеленіп, шалқар шабыт сыйлаған «Қара маржан» романы 3-томына арқау болды. 4-томына бүгінгі заманның шынайы бейнесі суреттелген бір шоғыр таңдамалы әңгімелері таңдалып алынса, 5-кітапта шерхантанудың соңғы жылдардағы зерделену барысы көрініс тапқан, – дейді Қаракөз Өмірзаққызы.
Бұған қоса, Шер-ағаның мұрағаттық материалдары негізінде «Бір кем дүние» кітабы толықтырылып, өңделіп, 1000 данамен дайындалса, белгілі журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Төлепбергеннің зерттеулері сұрыпталып, «Шың мен шындық» кітабы әзірленіп, институт баспаханасынан жарық көріпті. Сондай-ақ «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылуда. Институттың жаңа ғимаратынан ашылған «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан жабдықталып, арнайы логотипі әзірленген.
Жаңа ғимараттың алдынан Шерхан Мұртазаның ескерткіші тұрғызылып, оның айналасына көгалдандыру, арнайы демалу орнына айналдыру жұмыстары жүргізілді. Бұған институт тарапынан 50 миллион қаржы бөлінген. Шерхан шығармаларын жас ұрпаққа нәсихаттау мақсатында 2014 жылдан бастап жазушының өз келісімімен басталып, дәстүрлі «Шерхан оқулары» байқауы да өткізіліп келеді.

Еңселі ескерткіш тұғырын тапты

Алдағы уақытта Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінің алдында қайсар мінезді, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші бой көтеріп, лентасы қиылмақ.
Осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов зиялы қауым өкілдерімен кездескен жиында Әулиеатада туып, әлем қазағына танылған тұлғаға шаһар төрінен еңселі ескерткіш орнату керектігін айтып, арнайы комиссия құруды ұсынған еді. Әрі Нұржан Молдиярұлы ескерткішті қай көшенің бойына орналастыру керектігін халықпен кеңесіп шешу қажеттігін жеткізген. Осылайша көпшіліктің пікірі ескеріліп, Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінің дәл алдына тау тұлғаның ескерткіші қойылуда.
Еңселі ескерткіштің эскиздік үлгісіне қатысты байқау ұйымдастырылып, елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғыз Республикасының мүсіншілері де бақ сынады. Бұлардың ішінде атағы көпке жеткен қырғыз мүсіншісі Тамила Маматова да бар. Нәтижесінде 17 жұмыстың ішінен үш үздік мүсіннің үлгісі таңдалып, Астанадағы мемлекеттік комиссияға жіберілген болатын. Конкурс қорытындысы бойынша Айдос Бүркітбаев пен Ермұхаммед Тимурдың бірлесіп жасаған туындысы үздік деп танылды.

Шерхан Мұртазаға ескерткіш орнату ісін «Көне Тараз» қоғамдық қоры өз мойнына алған.

– Ескерткіштің жобасына конкурс жариялау, жеңімпаздарды анықтау мен орнын белгілеу жұмыстары оңай болған жоқ. Конкурс жеңімпазы Айдос Бүркітбаев – Алматыда қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовқа қойылған ескерткіш пен өзге де күрделі туындылардың авторы. Мүсінді орнатуда да аз дау болған жоқ. Жұрт пікірін ескеріп, бас-аяғы 27 орын іріктеліп алынды. Солардың ішінен көпшіліктің пікірімен және келісімімен дәл осы жер лайықты деп таңдалды. Бүгін міне, ел-жұрт бар ықыласымен асыға күткен мүсін Тараз төрінен орын тапты.
Біз шамамыз келгенше ісімізді адал атқаруға тырыстық және әлі де барымызды салып жатырмыз. Қазақта «Біткен іске сыншы көп» дейді. Әр қазақ өз Шер-ағасын көргісі келеді, – дейді Мұратбек Әзімов.
Айдос Бүркітбаев бастаған топ өз саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген. Ол осы уақытқа дейін Талдықорғандағы «Жастар», Алматы қаласындағы «Ашаршылық құрбандары», Астанадағы Әл-Фарабиге, Шымкенттегі «Болашаққа көзқарас», сонымен қатар шаһар төрінде жақында ғана бой көтерген қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевқа арналып қойылған ескерткіштің жасалуына атсалысқан шебер.
– Ескерткіш нұсқасын Астанада жасадық. Тараздан бір топ комиссия бір емес, бірнеше рет келіп сын-ескертпелерін айтты. Әрқайсысын назарға алып, қажетті жерін түзеп отырдық. Сосын Шер-ағаның көзін көрген, қызметтес болған азаматтар жақын туыстарының ойын сұрап, үнемі байланыста болдық. Ақырғы нұсқа барлығына ұнады.
Иә, шындықтың жебесіне айналған жазушы халықтың адамы болғандықтан, әртүрлі пікір айтылуы орынды. Мен оны жанашырлық деп білемін, – дейді Айдос Бүркітбаев.

Қазақтың Шер-ағасына деген халықтың құрметі қашанда жоғары. Қаламгердің есімі берілген нысандар сол ықыластың көрінісі екені сөзсіз. Халқы бар да тау тұлғаның есімі еш санадан өшпек емес. Қайта жыл өткен сайын жұрт жадында жаңғыра бермек.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.