Сенат депутаттары түзетулер пакетін, оның ішінде 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу туралы ережені қолдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға мынадай өзгерістер енгізу жоспарланған:
- 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу;
- 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілсін.
«25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітіледі. Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан, бұл күннің ұлттық мереке ретінде бекітілуінің өзі мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам. Болашақта бұл мереке Тәуелсіздікті дәріптеп, нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.