Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдықтар көш басында!

0 261

Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Кеңесхан Ахаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық чемпионаттың аймақтық іріктеу турнирі өз мәресіне жетті.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Күрзі жұдырықтылар жиылған жарысқа Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл облыстарынан 150-ге жуық жасөспірім қатысты. Жас балғындар өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Феликс Цой, Төлен Әмірхан, Олимпиада ойындарының жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан IBA, IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының жетекшісі Марат Мәзімбаев сынды саңлақтар тамашалады. Аймақтық біріншіліктің ашылу салтанатында: «Біздің бокс мектебінің шәкірттері әлдеқашан халықаралық дәрежеде мойындалған. Қазір жамбылдықтар Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев сынды даңқты жерлестерінің атын мақтанышпен айтады. Бүгінгі турнир сіздердің жеңіске толы спорттық мансаптарыңыздың бастауы болатындығына сенемін» – деді Нұрбол Жүнісбеков.

Шаршы алаңда талайдың шаңын қаққан жамбылдық талантты боксшылар Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаевтың жолын қуған 37 жас боксшы аталмыш сайыста өңір намысын қорғады. 20 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтаған бәсеке тартысты өтті. Бұл бәсекеде үздік атанған былғары қолғап шеберлері бокстан жасөспірімдердің ұлттық құрамасы сапына алынып, ел намысын Азия біріншілігінде қорғауға мүмкіндік алады. Аймақ біріншілігінде топ жаруға талпынған тартысты додада жамбылдық боксшылар аянып қалмады. Ә дегеннен ақтық сында өнер көрсетуге 14 жерлесіміз жолдама алды. Сонымен қатар үшінші орын үшін шаршы алаңда болған тартысты жекпе-жекте 14 жерлесіміздің айы оңынан туды. Ал ақтық сында 30 келі салмақта облыс намысын қорғаған Темірлан Абай түркістандық Асқар Дүйсенге жол берді. Есесіне мұнан соң 32 келі салмақта шаршы алаңға көтерілген Қасым Аманжол алматылық Руслан Қансейітовтен басым түсті. 36 келі салмақта ақтық кезеңге дейін атой салған Ерасыл Асылбек те шымкенттік қарсыласы Бек Жолдасбектен айласын асыра алмады. Сол секілді 42 келі салмақта өнер көрсеткен Ерасыл Рәсілбекұлы түркістандық Бақтияр Анарбаевқа қарсылық таныта алмады. 44 келі салмақта облыс намысын қорғаған Дархан Нұржігіт те күміс алқаны қанағат тұтты. Ол ақтық сында түркістандық Мейрамбек Жамбековпен қолғап түйістірген еді.

Облыс құрамасына алғашқы алтынды 46 келі салмақта шаршы алаң төріне көтерілген Артур Пакалып берді. Артурдың жеңісті жолын 48 келі салмақта өнер көрсеткен Сұлтан Молдаш сәтті жалғастыра білді. 50 келі салмақ дәрежесіндегі кездесуде екі жамбылдық боксшының жолы түйісті. Сайыс нәтижесінде Ілияс Акерин алтыннан алқа тағынып, оның қарсыласы Икрам Сайдахраровқа күміс жүлде бұйырды. 56 келі салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен жерлесіміз Айдос Матаев пен алматылық Дамир Қайыпбек арасындағы жекпе-жек жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Үш раунд бойы бір-біріне үздіксіз шабуыл жүргізген бұл жұптан жамбылдық Айдос Матаевтың жұлдызы жанды. Сол секілді шаршы алаңда жасындай жарқыраған жамбылдық Диас Нағмет, Исамедин Хожамжаров, Ердос Шәріпбектер де жеңіс тұғырынан көрінді.

Осылайша, турнир қорытындысында 8 алтын, 6 күміс, 14 қолаға иелік еткен жамбылдық жасөспірім боксшылар құрамасы жалпыкомандалық есепте де көш бастады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.