Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында қылмыспен күрес мәселелеріне үнемі ерекше назар аударып келеді. Биылғы басты құжатта да құқық қорғау органдарына көптеген міндеттер жүктелді. Бұл өз кезегінде осы сала қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтетіні анық. Бұл тұрғыда Сарысу ауданында атқарылған жұмыстар аз емес.
Өңірде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Жаңатас қаласына 55 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ аудандық әкімдіктегі 40 камера бақылап отыру үшін полиция бөліміне әкелініп, тәулік бойы тәртіпті қадағалауға үш қызметкер арнайы бөлінді. 5 мектепке дабыл түймесі қойылып, полицияның кезекші бөліміне біріктірілді. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын тәртіп бұзған автокөліктерді Тараз қаласына алып баратын болса, қазір Жаңатас қаласына жаңа үлкен айыппұл тұрағы салынды. Онда 4 камера орнатылып, күзетшілер қойылды. Сонымен қатар қараусыз жүрген, ұрланған және жоғалған малдарды уақытша қамауға арналған екі қора-жай салынды. Ал жоғалған төрт түліктерді құмды, таулы аумақтарда іздеу жұмыстарына дрон, тергеушілер мен жедел уәкілдерге бес моноблок компьютерлері табыс етілсе, учаскелік және патрульдік инспекторларға 25 дана электрондық планшет берілді. Барлық учаскелік пункттер күрделі жөндеуден өткізіліп, барлығы 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін де ерекше айта кеткен жөн. Мұның барлығы қызметкерлердің қолайлы жағдайда жұмыс жасауына септігін тигізеді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда ауданда қылмыс деңгейі едәуір төмендеп, криминогендік ахуал тұрақтанған деп толық айтуға болады. Әсіресе құқық бұзушылықтар саны азайып, аудан аумағында орын алған қылмыс 35,8 пайызға, яғни 137-ден 88 дерекке төмендеп отыр. Ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 62,1 пайыздан 80,6 пайызға жоғарылады. Аса ауыр және ауыр қылмыстар 21,7, орта санаттағы қылмыстар 51 пайызға азайған. Онша ауыр емес санаттағы қылмыстардың тіркелуі 36,0 пайызға төмендесе, адам өлтіру дерегі бойынша бірде-бір қылмыс орын алған жоқ. Денсаулыққа қасақана дене жарақатын салу бабымен қылмыстардың тіркелуі 25 пайызға төмендеп, ашылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Қылмыстың көп орын алатын түрлерінің бірі бөтеннің мүлкін ұрлау – 19, мал ұрлығы – 33,3, ұялы телефонды қолды қылу 37,5 пайызға азайса, алаяқтық деректері 62,1 пайызға төмендеп отыр. Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны – 35,7, сотты болғандармен жасалған қылмыстардың саны 18,2 пайызға түсті.
Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында түнгі мезгілде жіберілмеуі және оларға темекі мен алкогольдік өнімдердің сатылмауы бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Дүкендер қатаң бақылауға алынып, кешкі және түнгі мезгілде көңіл көтеру мекемелерінде ата-аналардың қарауынсыз жүрудің алдын алу мақсатында мобильдік топ құрылып, қазіргі уақытта күшейтілген жұмыстар атқарылуда.
Қоғамда билік пен бұқара арасында қашанда ашық диалог орнауы қажет. Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты. Бұл ретте біз үшін халықпен тиімді кері байланыс орнату, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – ең алдыңғы міндеттердің бірі.
Бізде әр тоқсан сайын халыққа есеп беру кездесулері болып тұрады. Тұрғындармен кездесіп, қандай жағдайлар болып жатқанын сұрап, шешімі табылмай жатқан мәселелерді жіті қараймыз. Одан бөлек, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде халықтың алдында есеп беремін. Сонымен қатар полиция департаменті бастығының нұсқауымен тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдаулар жүргіземіз. Нақтырақ тоқталар болсам, жыл басынан бері 128 азамат қабылдауымда болып, барлығының мәселелері өз шешімін тапты.
Әрдайым сала ардагерлерімен де тығыз байланыс орнатып, ақыл-кеңесіне құлақ түріп келеміз. Олар да қашанда алдыңғы саптан табылып, бізбен бірге тірек пункттерінде елге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, көмектесіп келеді. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат та ауадай қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті де полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Алайда бүгінде полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі мен кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы келбеті де назарға алынған. Полиция департаментінде қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзету жолында еңбек етуден ешқашан шаршамаймыз.
Асхат АЛМЕТОВ, Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі