Қырғызстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев Тәжікстанмен хаттамаға қол қойғанын мәлімдеді. Бұл құжаттың басты мақсаты – шекаралас аймақтардағы жағдайды тұрақтандыру және реттеу, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Sputnik Кыргызстан» басылымына сілтеме жасап.
«Мен және Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов хаттамаға қол қойдық. Соңғы жаңалық – осы. Жағдай баяу болса да тұрақталып жатыр. Комиссия ертең жұмысын жалғастырады, біз жағдайды шешу жолында тағы бірнеше қадам жасадық. Мүмкін, ертең кешке тағы кездесу болады», – деді Ташиев.
Еске салайық, 14 қыркүйекте қырғыз-тәжік екі республиканың шекарасында атыс басталды. Қырғызстан мен Тәжікстан шекара өкілдерінің келіссөздерінен кейін атыс тоқтатылды.
Бірақ 16 қыркүйекте атыс қайта басталды. Қырғызстан МҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, тәжік тарапы шекараның бүкіл периметрі бойынша Баткен ауданындағы шекара және азаматтық нысандарға шабуыл жасаған.
Сол күні Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері атысты тоқтату туралы келісті. Алайда, қырғыз БАҚ – тарының хабарлауынша, кейінірек тәжік тарапы шекарашылардың позицияларына оқ жаудырды.