Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаралы қаңтар: Жұмыстан қуылған полицей алаңдағы фотосын тауып алып, әділдік орнатуға тырысып жүр

0 252

Алматы қаласы Медеу аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімі жол-техникалық инспекциясы тобының бұрынғы мемлекеттік автоинспекторы Алмат Асылбеков 2005 жылдың 13 мамырынан бері қызмет етіп келген. 17 жыл ішінде ол капитан дәрежесіне дейін көтерілген. Алайда азамат өз күшімен жеткен мансабынан қаңтар оқиғаларынан кейін қол үзіп қалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап.

Асылбеков көшелерде әлі бейбіт митингі болып жатқан күні құрылымдарды күшейту туралы бұйрық түскенін еске алады.

«Келесі күн де тыныш өтті, тәртіпсіздіктер бізде 5 қаңтар күні басталды. Алматының орталығына дубинкамен қаруланған азаматтар жиналды. Ал түскен кейін қиратулар, хаос пен атыс басталды. Наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен жарық-шу гранаталарын қолдандық. Бірақ біздің бұл әрекетіміз оларды ашуландырып жіберді», – дейді бұрынғы полицей.

Асылбековтің сөзіне сенсек, тәртіпсіздіктер кезінде олар Төле би көшесінде болған.

«5 қаңтар күні сағат 14.00 шамасында командир маған телефон соқты. Ол біздің қайда екенімізді хабарлауды сұрады. Бұл уақытта жігіттер көшенің екі жағына тізіліп, Момышұлы көшесінен шеруге шыққандарды күтіп тұрдық. Менің ту сыртымда қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Қанат Таймерденов пен оның екі орынбасары тұрды. Олар туралы командиріме айттым. Дәл осы уақытта митингінің сипаты өзгеріп сала берді. Құқық пен тәртіп сақшыларына қарсы қолдарына қару-жарақ, арматура, темір құбырлар мен тастар ұстаған ұйымдасқан содыр топтары шабуыл жасай бастады. Жағдай секунд сайын құбылып бара жатты…», – деп баяндайды ол.

Осы қарбалас кезінде полицей бірнеше жарақат алып, есінен танып қалған. Алайда қамқор азаматтар Алматты ауыр зардаптан арашалап қалады. Олар полицейге азаматтық киім кигізіп, үйдің ауласына жасырып қояды. Сол жерде ол қараңғы түскенше жатып, содан кейін жартылай ес-түссіз күйде үйіне жеткізілді.

Сол күні бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жарияланды.

Асылбеков түні бойы сандырақтап шығады. Өкінішке орай, жедел жәрдем шақыру мүмкін болмағандықтан, полицейдің әйелі жоғары қабатта тұратын көрші дәрігерден көмек сұрауға мәжбүр болады. Әйел, Алматтың айтуынша, оған медициналық көмек көрсетіп, бір апта бойы ем-дом шараларын жасаған.
Асылбековтің жағдайы жақсара салысымен, әріптестеріне телефон соға бастайды, алайда ол уақытта байланыс мүлдем болмаған еді.

Алмат тек келесі күні басшылыққа хабарласуға мүмкіндік алып, өзінің соққыға жығылғанын және үйінде емделіп жатқанын айтып, ескертеді. Тіпті қоңыраулардың дәлелдері де бар.

Бес күннен кейін ғана жұмысқа шыққан Асылбеков оның үстінен жұмыс орнында болмауы фактісі бойынша қызметтік тергеу қозғалғанын біледі. Тіпті, 5 қаңтар күні сағат 8.00-ден 13.00-ге дейін және 15.00-ден 20.00-ге дейін дәлелді себепсіз жұмыста болмағаны туралы акт көрсетеді.

Құжатқа Медеу аудандық полициясының жауапты қызметкерлері әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жексембаев, әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бегматов, криминалдық полиция бөлімінің бастығы Қайынбай және басқармасының жол-техникалық бақылау тобының мемлекеттік автоинспекторы Махметтер қол қойған болып шыққан.

«Бірақ сол күндері не болғаны барлығының есінде ғой. Қарулы адамдар әкімшілік ғимараттарды, полиция кеңселерін және қару-жарақ арсеналын басып алуға әрекеттенді, полиция ғимараттарын қорғаудың арнайы жоспары енгізілді, жігіттерге болуы мүмкін шабуылға дайын болу тапсырылды. Сонда біздің басшылық жеке құрамды тексеріп, құқық қорғау орнына маған акт жасаған болғаны ма?! Егер мен шабуылға ұшырап, есімнен танып қалмағанымда сол күні кешке де, келесі күндері де әріптестерімнің қасында болар едім. Шабуыл жасағандардан қорғаған болар едім», – дейді наразылығын жасыра алмаған азамат.

Полицей Алматы қалалық ІІД-нің тәртіптік комиссиясының отырысына үміт артып, тәртіпсіздік кезінде өзінің алдыңғы қатарда болғанын және алған жарақаты ғана оны жүзеге асыру мүмкіндігінен айырғанын дәлелдемек болған.

«Жазбаша түсініктемесіз, қызметтік тергеусіз, жіберілген заң бұзушылықтар туралы түсініктемелерді көрсетпестен 25 қаңтарда жұмыстан шығарып жіберді», – деп шағымданады Асылбеков.

Әділдікке деген үміттен мүлдем күдерін үзген полиция капитаны 5-6 қаңтарда болған тәртіпсіздіктер туралы оқып отырып, интернет сайттарының бірінен байқаусызда өзінің суретін көріп қалады.

«Мұның тағдырдың маған жасаған қандай сыйы екенін білсеңіздер ғой! Және оны мен пайдалануым қажет. Фототілші Владимир Третьяковтың арқасында ол сот процесіне менің дезертир емес екенімді және қаңтар оқиғасы кезінде қызметімді тастамағанымды дәлелдеуге үлкен септігін тигізеді», – дейді Алмат.

Алмат осы айғақтардан кейін басшылық сөзіне құлақ асады деп үміттенеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.