Елордадағы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде пәтер ұрлығына күдікті ер адамды ұстады деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Балқаш қаласының 27 жастағы тұрғыны елордаға осы жылдың қыркүйек айының басында келіп, жатақханада тұрған.
Тергеу барысында қаскүнемнің тұрғындары жоқ пәтерлерді әдейі іздегені анықталды. Таңертең ол Майлин көшесінде келе жатып, дәл осындай пәтерді байқайды. Соған көз жеткізу үшін ол есікке жақындап, қоңырауды бір-екі рет басады. Онда ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізіп, құлыпты бұзып, пәтерге кірген. Ол ноутбук, “Ямаха” синтезаторын, неке сақинасы мен “Үздік Ұстаз” медалін алып, бір миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген. Бірақ бұл оған жеткіліксіз болып көрінді және ол сол үйдің басқа пәтеріне барып, ол жерде де құлыпты бұзып, пәтерге кіріп ақша ұрлаған. Сол күні ер адам сағат 15.30 шамасында Құдайбердіұлы көшесіне барып, дәл осындай жолмен пәтерден ақша ұрлаған. Ол заттай айғақтарды “Астаналық” СҮ аумағындағы ломбард пен сатып алушыға өткізіп жіберген, оларды полиция қызметкерлері тәркіледі.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады, ол елордадағы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығына тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға, есіктерді сенімді құлыптармен нығайтуға, пәтерлерді күзет дабыл жүйесімен жабдықтауға, тіпті қысқа уақытқа да есіктерді ашық қалдырмауға кеңес береді.