Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсіміне қатысты

0 164

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезінің жабылу рәсімінің алдында Қорытынды декларация жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын атап өтті. Дүниежүзінің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды.

«Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, Съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, Съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да ризашылығын білдірді.

«Сіздің әлемдік қоғамдастыққа үндеуіңіз бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарға үміт пен сенім сыйлады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі тарихтың бетбұрыс кезеңінде өткеніне тоқталды. Пандемиядан кейін геостратегиялық жағдай ушыққан кезде жаһандық деңгейде өркениетаралық диалог пен сенімді нығайту үшін жаңа әдістер іздеу аса маңызды. Президент форумның қорытындысы бұл басты міндетті шешуге елеулі үлес қосады деп санайды.

«Біз бірлесе отырып, ұлттардың бірін-бірі шеттетуіне, мемлекеттердің күйреуіне және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына ықпал ететін «күш көрсету саясаты» мен «араздық тілін» дәріптеуді сынға алдық. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады. Осы негізгі қағидаттар рухани салада ғана емес, сондай-ақ мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық саясатта да көрініс табуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық күйзелістер мен жаһандық дағдарыстардың қайнар көзі саналатын теңсіздіктің барлық түрін еңсеру талқыланған негізгі мәселелердің бірі болғанын атап өтті. Цифрлық және гендерлік проблемаларға, әлеуметтік бөліністерді жою ісіндегі білім мен діни ағарту саласының атқаратын рөліне баса мән берілді.

Қазақстан Президенті экономикалық өсім мен рухани-адамгершілік дамудың арасындағы теңдікке қол жеткізу жолдарын қарастыру әлі де өзекті екенін атап өтті.

«Діндер көшбасшылары рухани және технологиялық дамуды үйлесімді ұштастыру қажет екенін дәлелдей алатынына сенімдімін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев рухани көшбасшылардың беделі бүкіл адамзаттың игілігі үшін қазіргі әлемдегі қайшылықтарды еңсеруге септігін тигізетініне сенімді.

Мемлекет басшысы Съездің қорытынды құжатына ерекше назар аударды. Президент форум қорытындысы бойынша бүгін мазмұнды әрі жан-жақты пысықталған Декларация қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл маңызды концептуалды құжат іргелі мәселелерді қамтиды және үкіметтерге, саяси көшбасшыларға, халықаралық ұйымдарға бағдар бере алады.

«Біздің ортақ міндетіміз – Декларацияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарына сәйкес, Съездің дәйекті қызметін толықтай қолдайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, Съездің жабылу рәсімінде Рим Папасы Франциск, «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх,  Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.