Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұр-Сұлтан атауын өзгертуге қатысты түпкілікті шешім қашан қабылданады

0 139

Қалалық мәслихатта елорданы Нұр-Сұлтаннан Астанаға ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимов елорданы қайта атау тәртібі бірнеше кезеңнен өтуі тиіс екенін жеткізді.

«Бүгін қоғамдық тыңдау өткізіп, оны мәслихат сессиясына ұсынып отырғанымыз – бүкіл жұмыстың бір кезеңі. Мәслихат шешімінен кейін республикалық ономастика комиссиясында отырыстар өтеді. Осыдан кейін құжаттар үкіметке жолданады, үкімет жарлық жобасын Президенттің қол қоюына ұсынады. Жарлық ресми жарияланғаннан кейін, егер жарлыққа қол қойылса, елорда атауын өзгерту туралы айтуға болады», – деді Қаналимов тыңдаулар барысында.

Қоғамдық тыңдау барысында Қаналимов әкімдік пен мәслихат елордалықтар арасында ресми сауалнама жүргізбегенін атап өтті. Алайда, әлеуметтік желілерде, соның ішінде Telegram арналардың бірінде желі қолданылушыларының 80%-ы қалаға Астана атауын қайта беруді қолдайтынын айтқан.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған тыңдау барысында қазақстандықтар Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуындағы рөлін ұмытпауы тиіс екенін айтты.

«Біз тұңғыш президентімізге ризамыз. Бірақ оның атын елордаға беру асығыс шешім болған секілді. Ономастикалық комиссия өкілдері қалаға Астана атауын қайта беру туралы біздің ұсынысымызды егжей-тегжейлі қарап, оның талаптарға сай келетінін және ең бастысы қоғамды біріктіруге мүмкіндік беретін шешім деп санайтындарын жеткізді. Себебі халық арасында бөлініп жатқандар бар. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы да бұл жағдайды түсініп, ренжімейді деп ойлаймын», – деді ол.

Бұған дейін Ерлан Қаналимов үш жыл бұрын Астана атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстырған кезде 30 млн теңге шығын кеткенін хабарлаған болатын. Ал соңғы үш жылда барлық мемлекеттік органдар цифрлық құжат айналымына көшті.

«Менің ойымша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескере отырып, биылғы жылы шығындар әлдеқайда аз болады. Себебі қазір көптеген мемлекеттік орган ресми бланкімен ештеңе жібермейді. Барлығы ЭЦҚ қолданады», – деді мәслихат хатшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігінен бас шаһарға Астана атауын қайтаруға қатысты қосымша шығын болмайтынын мәлімдеген еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.