Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыздарды жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды

0 302

Адам саудасымен айналысқан 11 адамнан құралған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Экспресс К.  

Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды. Шымкентте кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, сутенерлік, сондай-ақ жыныстық қатынасқа пайдалану мақсатындағы адам саудасы деректері бойынша ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс тергеліп жатыр.

 

«Тергеу барысында олардың қылмыстық әрекеттері Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында іске асырылғаны анықталды. Топтағы рөлдер нақты бөлінген. Оның ұйымдастырушылары үш апалы-сіңлілі болып шықты. Олар сенімді адамдарымен бірге қылмыстық әрекеттерді үйлестірген. Қорқыту мен бопсалау, «айыппұл» арқылы қыздарды синтетикалық есірткі қолдануға және ақылы (кейде әртүрлі тауар үшін де) жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген», — делінген сайттағы ақпаратта.

 

Топтың кейбір мүшелері жас әйелдер мен қыздарды іздеумен айналысқан. Олармен танысып, сеніміне кіріп осы іске тартқан.

 

Жас қыздарды әлеуметтік желі арқылы Қарағанды, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан тапқан. Билет сатып алу мен тұруға кеткен шығынды қылмыстық топтың ұйымдастырушылары төлеген, — делінген полиция мәліметінде.

 

Топтың басқа мүшелері «әкімші» және «есепші» рөлін атқарған. Олар қыздардың тәртібін қадағалап, есеп пен касса жүргізіп, интернеттегі жарнамалар арқылы табылған «клиенттерді» қабылдаған.

Күдіктілердің тапқан табысы — 150 миллион теңге.

 

«Жыныстық сауда құрбандары арасында 17-25 жас аралығындағы 14 қыз бар, оның ішінде алтауы — кәмелетке толмағандар. Қыздарды жалдамалы пәтерлерде ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірқатар жағдайларда күдіктілер қыздарды өзімен бірге ертіп, қонақ үйлер мен сауналарға апарған. Қыздар туған-туыстарын тыныштандыру үшін ата-аналарына бала күтуші болып жұмыс істейтінін айтқан. Кейбір жағдайларда ұйымдастырушылар қыздардың ата-аналарымен кездесуге барып, өздерін «бала күтушіге жұмыс беруші» сияқты көрсеткен», — делінген хабарламада. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікпен барлығы 11 адам ұсталып, Шымкенттегі тергеу қапасына қамалды.

«Аталған дерек бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде: 2 дерек — ҚК-нің 262-бабының 1, 2-бөлігі (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу), 5 дерек — ҚК-нің 128-бабы (Адам саудасы), 5 дерек — ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 2 дерек — ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікке тарту), 3 дерек — ҚК-нің 309-бабы (Притон ұстау мен жеңгетайлық), 1 дерек — ҚК-нің 297-бабы (Есірткі заттарын алу, сақтау, тасымалдау) бойынша тергеу жалғасып жатыр» , — делінген полиция мәліметінде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.