Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәрігерлер арасындағы дүбірлі дода

0 244

Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалының қолдауымен медицина қызметкерлері арасында ұйымдастырылған республикалық спартакиада өз мәресіне жетті.

Төрт күнге созылған ақ халатты абзал жандар арасындағы спорттық дода өте тартысқа толы болды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 118 ұпаймен Түркістан облысы жеңімпаз атанса, екінші орынды жарыс қожайыны Жамбыл облысы иеленсе (110 ұпай), үздік үштікті Шымкент қаласы (107 ұпай) түйіндеді. Жекелей тоқталар болсақ, кіші футболдан I орынды Түркістан, II орынды Жамбыл облыстары, ІII орынды Шымкент қаласы олжалады. Волейболдан I орын Түркістан облысына бұйырса, II орынды Шымкент қаласы, III орынды Жамбыл облысы иемденді. Жерлестеріміз жүзуден де алдарына жан салмай топ жарса, ІІ және ІІІ орындарды түркістандықтар мен шымкенттіктер өзара бөлісті. Үстел теннисінде қарсылас шыдатпаған жетісулық жампоздар бас бәйгені олжаласа, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының командалары тұғыр биігінің ІІ және ІІІІ сатысынан көрінді. Ал тастаяқтан өткен тартысты додада түркістандықтар І орынды, жамбылдықтар ІІ орынды иемденсе, жетісулықтар ІІІ орынды қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының іс-шараларды ұйымдастыру басқармасының басшысы Ғазиз Серікбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мұрзақасымов марапаттады. Сондай-ақ республикалық спартакиаданың өтуіне зор үлес қосқаны үшін Хамит Саттарқұлұлы, Дәулет Хамитұлы, Гаухар Жұмабайқызы, Ақерке Садатқызы және Азамат Әбдіжапарұлына ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиевтің арнайы Алғыс хаты табысталды.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.