Eurasian Resources Group Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен аумақтардағы орманды қалпына келтіру үшін 1 миллиард теңге қаражат бөлмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ERG өкілдері қаржы бұрын айтылғандай төтенше оқиғадан зардап шеккендерге қолдау көрсететін бірыңғай қорға емес, орманды қалпына келтіріп, көшет егетін компанияға тікелей аударылатынын мәлімдеді.
“Мұндай апатпен күресте ауыpбіршілік ерекше маңызды. Жалынның тұтану аймақтарын ауыздықтауға «ССКӨБ» АҚ арнайы техникаларын аттандырдық. Өрттің салдарымен күрес де ауқымды жұмыс. Компания бөлген қаражат осы қалпына келтіру жұмыстары мен зардап шеккен аймаққа қажетті көмек көрсетуге жұмсалады”, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Сонымен қатар ERG Экологиялық стратегия аясында 2025 жылға дейінгі 420 мың түп ағаш егу жұмыстарын белсенді түрде жүргізбек. Бұған дейін Еуразиялық Топ құрамындағы ірі кәсіпорын – «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ тілсіз жаумен күреске арнайы техникаларын аттандырған болатын.
Қазір әлемде қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты ССКӨБ сатылымдары 50% төмендегеніне қарамастан, компания сын сағатта тұрғындарды қолдауға қаражат бөліп отыр.
Айта кетсек, ERG-дің өндірістік активтері Қостанай облысында – Рудный, Лисаковск қалалары мен Октябрьский және Қашар кенттерінде орналасқан.
Еске салсақ, Қостанай облысындағы табиғи өртті сөндіру жұмыстары 2-10 қыркүйек аралығында жүрді. Жалын 43 мың гектар аумақты шарпыған. Салдарынан 91 тұрғын үй өртеніп кетті. Барлығы 2 091 адам эвакуацияланды.