Ұстаздар күні қарсаңында елімізде «Үздік педагог» байқауы басталды. Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі деп хабарлады turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конкурсқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері қатыса алады.
Құжаттарды қабылдау 12 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 22 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Бұл байқаудың маңызы зор, өйткені ол үздіктердің ішіндегі ондаған үздік педагогтің еңбегін тануға мүмкіндік береді. Жүлде қорын ұлғайттық және бұл мықты мамандардың мамандыққа келуіне түрткі болып, осы кәсіпте ондаған жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарға көрсетілген құрмет болады деп сенеміз. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Бұл – балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері. Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
– I кезең – аудандық, қалалық деңгей;
– II кезең – облыстық деңгей;
– III кезең – республикалық деңгей.
Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді.
«Үздік педагог» атағының иегерлеріне 3 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы ғана емес, төсбелгілер де беріледі.