Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төрт жыл бойы әділдік іздеп жүр: Алматылық әйел танысының науқастығын пайдаланып, атына 39 несие рәсімдеген

0 185

Алматылық алаяқ танысының науқас күйін пайдаланып, оның атына 39 несие рәсімдеп алған. Алаяқтықтың құрбаны болған әйел полицияның төрт жылдан бері әрекетсіз отырғанын айтып, шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Светлана Котович 2017 жылы инсульт алып, қатты ауырғанын айтады. Әйелдің осындай күйін пайдаланған танысы оның атына 39 несие рәсімдеп алған екен. Айтуынша, бұны тек 2018 жылы ғана біліп, полицияға арыз жазған.

“Инсульт алғаннан кейін жан-жағыма қарайтындай жағдайда болған жоқпын. Басыма операция жасалып, комада жатып шықтым. Ол сенімді тұлғам ретінде ауруханаларға апарып, жағдайымды жасап, асты-үстіме түсіп жүретін. Банкке апарып, ақшамды шешуге көмектесетін. Сол кезде менің жеке құжатымдағы мәліметтерді біліп алса керек. Оның менің атымнан несие рәсімдейді деген күдік те болмапты. Алайда ауырғанымды пайдаланып, әр ай сайын атымнан 2-3 несиеден алып отырған. Әлгі әйел күйеуімнің бауырымен бірге тұратын. Көлігі болғандықтан мені ары-бері таситын еді. Тіпті кейіннен үйімді екі рет сатылымға шығарғанын білдім”, – дейді Светлана.

Светлана Котович ең бірінші рет 2019 жылы арыз жазған. Бірақ ол кезде полиция іс қозғаудан бас тартып, тіпті тізілімге енгізбепті.

“2020 жылы Алатау аудандық полиция бөліміне қайта арыз жаздым. Олар әрең дегенде іс қозғады. Бірақ соңында іс жоғалып кетті. Бұдан кейін прокуратураға шағымдандым. Ведомство істі қайта қарауды міндеттеді. Соған қарамастан полиция әлі күнге дейін оны қолға түсірмей отыр. Бұл несиелерді менің алмағаным туралы дәлелдемелер де жетеді. Полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатқан кейіп танытады. Ал негізінде жұмыс мүлде жүріп жатқан жоқ. Оның қалада тұратынын, байланыс нөмерін бәрін біледі. Сол сәтте ауырып жатқанымды дәлелдейтін анықтамалар мен сот-медициналық сараптамалардың бәрін апарып бердім. Міне, төрт жыл болды. Әлі әділдікке қол жеткізе алмай жүрмін”, – дейді ашынған әйел.

Светлана – екінші топтағы мүгедек, төрт баласы бар. Бүгінде мүгедектікке алып отырған жәрдемақысы тек несиені жабуға кетіп жатқанын айтады.

Осы оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі Алматы полиция департаментіне сұрау салды. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК 190-бабы бойынша тіркегенін жеткізді.

“Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190 (Алаяқтық) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тергеу жұмыстары Алатау аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінде жүргізіліп жатыр. Бөлімшеде хабарлағандай, күдікті әйел анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің тұрған жерін анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Іс Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген полиция хабарламасында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.