Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұсылмандарға Пасха және Рождество мейрамдарын тойлап, мерекеде ұсынылатын астан дәм татуға бола ма?

0 116

Христиандар айтулы мерекелерінің қатарына Пасха, Рождество және Крещениені жатқызуға болады. Бұл күндері провослав жұрты шіркеу мен басқа да діни орындарға барып, түрлі тағам жасап, алыс-жақындарына таратып жатады. Ал мұсылмандарға осы бір астан дәм татуға бола ма?- , деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласы бойынша пәтуа бағытына жауапты маман Елбек Тасболатұлы басқа дін өкілдерін құрметтей отырып, олардың діни мерекелері қарсаңында ұсынған тағамдарынан дәм татудың әбестігі болмайтынын жеткізді. Сөзінше, өзге дін өкілі сыйластық құрметпен мұсылманға өз мерекелері кезінде дәм ұсынса, ас Ислам бойынша адал құраммен жасалса, одан ауыз тиюге рұқсат екенін айтты.

“Көршісі, бірге жұмыс істейтін әріптесі діни мерекелері кезінде көбіне дәмдерінен ұсынып жатады. Егер бұл құрамы таза тағам болса, мұсылман адамның жеуіне рұқсат. Мысалы, жұмыртқа адал ас ретінде қала береді. Бізге өзге діндегілермен жақсы қарым-қатынаста болу керектігі айтылған. Сол себепті олардың ұсынған құттықтауларын қабылдай аламыз”, – дейді маман.

Дегенмен ол басқа діндердің мерекелерін тойлау мұсылман қауымға мүлде жат екенін ескертті.

“Кез келген басқа діннің мерекесін мұсылмандардың тойлауына тыйым салынған. Біз басқа дін өкілдері үшін қасиетті болып саналатын күндерге аса мән бермеуіміз қажет. Себебі әрбір дін өкілі өз сенімін жоғары қояды. Дегенмен басқаларымен өзара жақсы қарым-қатынас орнатып, бір-бірімізге сыйластықпен қарау жайлы ұмытпаған жөн», –  дейді Елбек Тасболатұлы.

Бұған қоса ол Крещение мейрамы мұсылмандарды суға түсуі жайлы пікір білдірді.

«Көпшілік мұсылман бауырларымыз Крещение кезінде шомылуға барып денсаулығымды жақсартамын деген ойда болады. Әрине, денсаулыққа қарауға, шомылуға біздің дінде қарсылық жоқ. Алайда мұны басқа күні жасаса, игі болар еді. Ал Крещениені қасиетті мейрамға балап, суға түсу мұсылмандар үшін ауыр күнә», – деп қосты маман.

Қазақстан Православие Шіркеуінің Шіркеу мен Қоғам арасындағы байланыстар жөніндегі департаментінің төрағасы Александр Суворов мұсылмандар мен христиандарға дастархандас болуға тыйым салынбағанын атап өтті.

“Пасхада берілетін тәттілер мен түрлі түсті жұмыртқалар – діни тағам емес. Біз өз кезегімізде мұны жақындарымызға дәм ретінде ұсынамыз. Жалпы мұсылмандар мен христиандарға бірге тамақ ішуге тыйым салынбаған. Мәселен, елімізде мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазан айында христиандар да ауызашарға жиі шақырылып жатады”, – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.