Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының бағыты айқындалды

0 161

Жыл сайын қазақстандықтар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ерекше үмітпен тосады. Өйткені Жолдауда мемлекеттің даму бағыттары мен халықтың әлеуметтік қорғалуына байланысты Үкіметке жаңа тапсырмалар беріледі.

Әрі Парламентке қандай заңдарға басымдылық берілетіні айқындалады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына халықтың талаптарына үн қосып, оларды қорғау және әділ де ашық сот жүйесін қамтамасыз ету міндеттері жүктеледі. Президенттің қос палаталы Парламенттің бірлескен отырысында жасаған жуырдағы Жолдауы сайлаушылардың да, біздің де көкейімізде жүрген көп сұрақтың түйінін шешті деп нық айта аламын. Жолдауда айтылған саяси жаңғыру, Әділетті Қазақстан құрудың көкейкесті мәселелері елімізде жаңа экономикалық саясаттың бастау алғанын көрсетті.

Жаңа кезеңдегі Қазақстан дамуының алғышарттары қандай? Осы мәселелердің бәрі шикізатқа тәуелді Қазақстанның жаңа жолын айғақтап берді. Сондықтан басты мақсат – қоғамның тазалығын, шағын және орта бизнесті дамыту, адами капиталды көтеріп, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуы мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды.

Президент жаңа салық саясаты қажет екенін айта отырып, 2023 жылы осы сала бойынша жаңа заң қабылданатынын жеткізді. Бюджеттік саланы реформалау да жалғасын таба бермек. Ұлттық қордың қаржысын орынсыз жұмсау тоқтатылады. Әрі жаңа Бюджет кодексін қабылдау күн тәртібінде тұрғанын қадап айтты. Ұлттық банк, кредиттік жүйені реттеу мәселелеріне де Президент ерекше назар аударды.

Әрине, білім мен ғылым саласының маманы ретінде мені Мемлекет басшысының төмендегі тұжырымдары ерекше толғантты. Ол білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басым бағыт берді. Келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылатынын және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие берілмек.

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңға сәйкес жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі болып табылады. Ендеше, оны халық игілігіне жұмсаудың қандай тетіктері бар? Осыған орай Мемлекет басшысы отыз жылдан бері айтылып, бірақ орындалмай жүрген бір түйткілді мәселенің түйінін шешті. Енді жеріміздің байлығы халық мүддесіне жұмыс істейді.

Әрбір отбасы ұлттық қазба байлықтарынан өз үлестерін алуға тиіс. Балалар жылының аясында Қ.Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» атты бұрын-соңды болмаған жаңа жоба ұсынды. Енді Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18-ге жеткенше балалардың арнайы есепшоттарына аударылады. Мұны әрбір ата-ана, әрбір қазақстандық қуанышпен қабылдағанына сенімдімін.

Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықтарды жою Үкімет алдындағы жауапты міндеттердің бірі болып қалмақ. Сондай-ақ оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар жетік білуі замана талабы екенін де қадап айтты. Отандық жоғары оқу орындарының мақсаты мен мүддесі, олардың кадр даярлаудағы әлеуеті, жауапкершілігі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100 пайызға дейінгі сараланатын білім гранттарына ие болатынын жеткізді. Әрі ЖОО студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестікті тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Ел Президенті мемлекеттік дамудың басым бағыттары туралы сараптама жасай отырып, кейбір орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Әрине, бұл сала бойынша біраз реформа жүргізілді. Бірақ оның барлығы халық сұранысына жауап бере алмады. Бұған Жолдаудағы Президент сөзі айғақ. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы болса ғана қоғам орнықты дамиды.

Дегенмен оның жағдайы әлі мәз емес», – деді Мемлекет басшысы. Кемшілікті түзеу үшін мемлекет не істеуі керек? Бұған да жауапты Жолдаудан табасың. Әрине, Президенттің кезекті Жолдауын терең талдап, сараптама жасау – уақыт еншісінде. Жаңа Қазақстан құру саяси реформаларсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан Президент қойған міндеттерді орындау үшін саяси реформалардың мәні мен маңызын түсіну қажет.

Шын мәнінде, жалпыұлттық ынтымақтастық, билік пен қоғам серіктестігі Президент реформасының алтын желісіне айналып отыр. Өйткені «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» бір мақсатқа, бір ұлттық мүддеге жұмыс істегенде ғана қоғам дамиды, экономикасы өседі, халық әлеуметтік жағынан қорғалады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды, – деді Президент. – Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойласуымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.

Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ».

Жолдауда Президент мемлекет қауіпсіздігі мен жалпыұлттық көкейкесті мәселелерді көтерді. Әлем саясаты шытынап тұр. Көрші мемлекетке жасалып жатқан санкциялар Қазақстан саясаты мен экономикасына әсер етпей қоймайды. Петербургте өткен саммит кезінде Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі әр қазақстандықтың жүрегіне жетті, патриоттық сезімін ұялатты.

Президент халықтан ештеңені жасырған жоқ. Қалыптасқан әлемдік саяси текетірес тұсында оған халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет мүддесі үшін Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажеттігін халыққа мәлім етті. «Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзімнен аспайтын болады, бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деді Президент өз сөзінде.

Қалыптасқан геосаяси жағдайда бұл шешім дер кезінде айтылып отыр деп есептеймін. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу – ел мен жер тұтастығы үшін кезек күттірмейтін мәселе. Біз өз Президентімізбен бірге тарихи таңдау жасағанда ғана ұлттық қауіпсіздігімізді сақтай аламыз. Бұл – әрқайсысымыздың азаматтық әрі адами парызымыз.

Мөлдір Қырықбаева,
Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.