Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әділетті мемлекет – берекелі қоғамның кепілі

0 252

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауы көңілден шығып, сенімді нығайтты. Президент келелі мәселелерге баса назар аударып, жетістікке жетуге мүмкіндігі жоғары, көпшіліктің көкейіндегі өзекті ойларды қозғады.

Биылғы Жолдаудың жүгі тым салмақты. Басты мақсатта қазіргі қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты кезегін күтіп отырған міндеттер жан-жақты қамтылған.

Президент әуелі экономикалық саясатқа басымдық беріп, осы бағытта атқарылуы тиіс шараларға тоқталды. Яғни 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленіп, соның аясында тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған байларға салық салынбақ. Яғни осы арқылы қазынаның қаржысы молайып, әлеуметтің әл-ауқаты артады. Сондай-ақ жұртшылықты қуантқан тағы бір мәселе – әйелдердің зейнет жасының қысқаруы. Яғни нәзікжандылар 2028 жылға дейін 61 жаста зейнет демалысына шыға алады.

Сонымен қатар кәсіпкерлікке кең жол ашылмақ. Әсіресе жас ұрпақтың өркениетке ілесуі үшін заманауи мектептерге мән беріліп, жағдай жасалатыны қуантты. Жастарға қолдау көрсету бұл жолғы басты құжаттан да тыс қалмады. 100 мыңдай жастардың жұмыспен қамтылатындығы күн тәртібінен түспейтіндігі көңілге қуаныш ұялатады.

Мемлекет басшысы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керектігін сөз етті. Енді соған сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Әлбетте, балалардың ең маңызды шағында ата-аналары жанында көбірек болуы аса маңызды. Мұны Президент те жете түсініп отыр. Бұл Жолдауда көтерілген мәселелердің бір парасы ғана. Жолдауда, бір сөзбен айтқанда, көптеген бастамалар көтеріліп, нақты міндеттер қойылды. Ал сол міндеттерді іске асыру – баршамызға ортақ іс.

Күләш Әбдікешова,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.