Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қостанай облысындағы өрт: Соңғы мәліметтер жарияланды

0 145

Қостанай облысындағы табиғи өрт бойынша 7 қыркүйек сағат 08.00-дегі жедел ақпаратқа сәйкес, елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы ҚР ТЖМ жедел штабы мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Қазіргі таңда жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төрт аумақта (Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдары) қарауылдау ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Аздаған жауын жауғандықтан ауа ылғалдығы күшейген.

«Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарында жағдай тұрақталды. Озерное, Аманқарағай ауылдарында тек локальды өрт ошақтарының бықсып жанғаны байқалады. Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 243 рет су шашты. Күштер мен құралдар негізгі жұмыс жүргізетін Бағаналы аудандарына қайта топтастырылды, онда жерді жырту жұмыстарын жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік техникасы да жұмылдырылады», – делінген хабарламада.

Өрт басталғалы бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан- 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына – 250 адам).

Әулиекөл орта мектебінің (21 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам), Қазанбасы орта мектебінің (20 адам) эвакуациялау пунктінде 42 адам, оның ішінде 14 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйіне орналасқан.

Барлығы 91 тұрғын үй: 85 Аманқарағай ауылында және 6 Озерный ауылында зардап шекті.

Учаскелердегі өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 79 бірлік техника, 6 әуе кемесі, 2 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан  721 адам жұмылдырылды.

«12 адам (7 тұрғын: кәмелеттік жасқа толмаған бір адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік, улану алды, 1935 жылы туған бір адам қаза тапты» – делінген жедел штаб хабарламасында.

4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асты, орман шаруашылығының жалпы ауданы 107 257 га.

ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті.

Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 124 адамға көрсетілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.

Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.