Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалға беріп, жарға жығылды

0 217

Дамыған елдерде көліксіз қалмайсыз: кез келген карше­ринг компаниясының қосымша­сын жүктеп, ақысын төлеп, жа­қын маңдағы жеңіл көлікті мі­ніп жүре бересіз. Ал Қа­зақ­стан­да каршеринг өркен жая алмады. Отандық нарыққа ма­ман­­данған талай инвестор кір­ді, бірақ ісі ілгері баспады. Қазір тек Алма­тыда жалғыз компания карше­рингті дамытуға тырысып жүр. Оның орнына елімізде азамат­тар жеке көлігін тәулікке жал­ға беруге әуестенді. Бұл тіпті пәтерді тәулікке арендаға бергеннен тиімді деседі.

Каршеринг неге «оталмады?»

Жалпы, мамандардың айтуын­ша, каршерингті жолға қою үшін Қа­зақстанға шамамен 30 миллион дол­лар инвестиция құюға тура келе­ді. Бірақ ол он жылда да ақталмауы мүмкін. Өйткені қаланың әр жеріне қойылған көліктердің жүргенінен тұрғаны көп.

2018 жылдан бері Алматыда каршеринг бизнесін жолға қойған Anytime.kz компаниясының ав­топаркі 500-ге жуық автомобильден тұрады екен. Соның ішінде бір темір тұлпарды ұстап тұруға жылына кем дегенде 1 миллион теңгеден астам қар­жы кетеді. Оның ішінде бензинге – 314,9 мың, техникалық қызмет көр­сетуге – 106,4 мың, КАСКО ар­қылы ұрлаудан, айдап кетуден, жол-көлік апатынан сақтандыруға – 203,3 мың, азаматтық-құқықтық жауап­кершілікті міндетті сақтан­дыруға – 34,4 мың, автожууға – 86,3 мың, дөңгелектерге, амортизацияға 300 мыңнан астам теңге шығын шығады. Бұған салығын, қосалқы бөлшек­терін және басқасын қосыңыз. Сонда жыл сайын бизнес жарты миллиард теңгеден астам қосымша қаражатты қажет етеді.

Бұл ретте Алматыдағы карше­ринг­те автокөлікті жалға алудың әрбір минуты 31 теңгеден басталады. Ал егер көлікті бір тәулікке алса, жалға беру құны – 10 490 теңгеден.

Каршерингтің дамуына Қазақ­стан­да жеке тұлғалардың өз көлігін жалға беруінің кең қанат жаюы да тежеу болып отырғандай. Азаматтар төл темір тұлпарларын өз бетінше арендаға ұсынады немесе оны осы­мен айналысатын фирмалар арқылы жүзеге асыра алады. Қарағанды қаласының тұр­ғыны Ғабит шетелден айдап әкелген екі көлігін жалға беріп қойыпты: оларды сатып жіберуге тырысқан, алайда қазір ішкі нарық­тан көлік алатындар аз дейді. Жұрт әлеуметтік желілер арқылы тауып, шетелден көлік таситындарға тап­сырыс беруге бой ұрды.

Елорда тұрғыны Руслан бұған дейін «Яндекс.Таксидің» жүргізушісі болыпты. «Такси агрегаторының ережелері аса қатал. Күніне 12-14 са­ғат­тан жұмыс істедім. Әрине, та­быс та жоғары, бірақ әбден жүнжіп кет­тім. Бұрын үнемі фитнесзалға ба­рып, денемді шымыр ұстайтын­мын, екі жыл ішінде бұлшық еттерім босаңсып, шау тарта бастаппын. Содан тасымалдаған жас бойжеткен әңгімелесу кезінде: «Жасыңыз қы­рыққа таяп қалған шығар?» деп сұрағанда, «Қой, осымен тоқтайын» деп ойладым. Әрине, қыздарды тапсырыс берген жеріне жеткізіп тастадым. Ал көлігімді тұрағына қойып, үйге кеттім. Әлі 29-дамын ғой», – дейді Руслан.

Содан жолдастарының бірі қазір машинаны жалға беру тренд екенін әңгімелеп, қызықтырыпты. Тіпті, Түркияға, Ресейге көшіп кеткен­дердің көбі көлігін жалға ұсынып, қашықтан табыс көзін ашыпты.

«Автопрокатпен айналысатын қаптаған фирма бар. Олар көлікті күніне 10-15 мың теңгеден жалға ұсы­нады. Қазақстандықтардың бі­разы, шетелге көшкендер солардың қызметіне жүгінетін болса керек. Бірақ оларға берілген автомо­биль­дер­­ді жиі бүлдіріп тастайды деп ес­тідім. Тіпті, жол апатына түсіп, бұ­зылған күйде қайтаруы мүмкін екен. Содан мен «темір тұлпарымды» өз бетімше, жақсы танысыма табыста­дым. Ай сайын 400 мың теңге төлеп тұрады. Елордада қазір баспананы осынша сомаға жалға бере алмайсыз, пәтерлер көбейіп, жылжымайтын мүлік арендасы арзандап кетті», – дейді Руслан.

Ол қазір тұрақты жұмыс тауып, бұрынғы үйреншікті өмір салтына оралыпты. Жалақысын және маши­на арендасын қосқанда табысы такси агрегаторынан тапқанынан әлдеқайда көп екен.

Алаяқтар көлік пен жүйкені тоздырады

Көлікті айға жалға алушылар әдетте оны таксилетуге пайдаланады. inDriver, «Яндекс.Такси», Uber және басқа такси агрегаторлары сервис­теріне тіркеліп, қала ішінде ғана емес, өңірлер арасында айдайды. Қанатбек есімді жігіт те көлігін жал­ға берген: ол адам жол-көлік оқи­ғасына түспегенімен, бір жыл ішінде көлік салонын нашар жағдайға жет­кізген, ішіне темекі мен түрлі иіс­май­дың «жұпары» сіңіп кеткен. Кім­дерді, нені тасығаны белгісіз, арт­қы жақтағы креслоның әбден тоз­ғаны сондай, оған көрпе жауып қойыпты. Жалдау мерзімі біткенде осы күйде автотұраққа тастап кеткен.

жалға беру

Осыған орай каршерингпен кә­сіби түрде шұғылданатын фирмалар арендаға алу шартында жүргізушіге рұқсат етілмеген орындарда тұрақ­тауға, жылдамдықты шектен асыру­ға, тоқтау жолағын кесіп өтуге, көлік ішінде шылым шегуге, машинаға дақ түсіруге, элементтерін сын­ды­руға, ішінде тамақ сақтауға, қоқыс қор­далауға тыйым салады. Сондай-ақ көлікті мас күйде жүргізуге немесе оны басқаруды үшінші тұлғаларға сеніп тапсыруға рұқсат етпейді.

Ал жеке тұлғалардың автомо­бильдерін жалдап, оны тәулікке және айға арендаға ұсынатын делдал фирмалар өздеріне сеніп тап­сырыл­ған көліктерді қылмыскер­лердің ұр­лауынан да сақтандыр­майды. Сол себепті көлігін бұларға сеніп тап­сырмас бұрын азаматтар абай бол­ғаны, сақтық танытып, ком­пания­ның шарттарымен таныс­қаны жөн. Өйткені бұл салаға енді алаяқтар да аяқ басқан көрінеді.

Бүгінде көлігін жалға берушілерді көптеген тәуекел, соның ішінде мүл­кінен айырылу қаупі күтіп тұр. Отбасымен бірге Ресейдің Новосібір қаласына көшіп кеткен Эльмира Жәнібекқызы Қазақстанда қалған Toyota Camry 50 көлігін жалға береді. Алайда артынша, 2022 жылғы 15 шілдеде Семей қаласының орталық полиция бөліміне «Сигма Групп Компани» ЖШС-ынан шағым түседі. Соның негізінде сотқа дейінгі тергеу басталған.

Шағымдағы дерек бойынша, биыл­ғы 12 шілдеде аталған ком­па­нияға Артем Мартынович деген адам жүгініп, Toyota Camry 50 авто­көлігін 2 күнге жалға алу туралы келісімшарт бекітеді. Бірақ арызда жазылғандай, ол ізінше автомо­бильмен бірге тайып тұрған.

«Ол автомобиль – менің мен­шігім. Оны біраз бұрын «Сигма Групп Компани» ЖШС-ына арен­даға бергенмін. Бұл істе мен зардап шегуші болып танылдым. Маған 7 миллион теңге шығын келтірілді. Бастапқыда бұл факті Қылмыстық кодекстің 195-бабының 4-бөлімі (Алдау немесе сенiмді теріс пайда­лану жолымен ірі мүлiктiк залал кел­тiру) бойынша тіркелген. 28 шіл­дедегі қаулымен қылмыстық іс «Алаяқтық» атты 190-бабымен қайта сараланды. Алайда 2 тамызға дейін іс бойынша белсенді іс-әрекеттер жасалмады. Сондықтан менің мүдделерімді білдіретін өкілім поли­ция бөлімі басшысының қабылдауы­на кіруге мәжбүр болды. Қазір анық­талғандай, 12-14 шілде аралығында автокөлігім Нұр-Сұлтанда болған. Тергеуші Мартыновичпен телефон арқылы тілдесіпті, сонда ол Ресей Федерациясында жүргенін хабар­лаған. Алайда оның Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы мәлімет жоқ», – дейді Э.Жәнібекқызы.

Ол әрекетсіздігіне шағым тү­сір­генге, яғни 2 тамызға дейін тергеуші тіпті «Сергек» камераларынан бей­нежазбаларға сұрау салмағанына, туыс-туғанынан жауап алу үшін Мар­тыновичтің тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне жеке тап­сырма бағыттамағанына қапа­ланады. Тіпті, Мартыновичтің өзіне, сондай-ақ көлікке іздеу жария­ламапты. Тек табылған жағдайда көлік құралының қай жерде тұрға­нын телефонмен хабарлау туралы ескерткен. Жәбірленуші мұны пәр­менді шара санамайды.

«Масқарасы сол, Мартынович келісімшарт бекітерден бірнеше күн бұрын компания қызметкерлеріне саладағы бақталастары зұлымдық қылып, олардың автомобилін айдап кетуі мүмкін деген ескерту түсіпті. Артем есімді біреу келуі ықтимал деп ескертілген. Бірақ бұл ақпарат­тың қайнар көзі кім екені, оның бұл деректі қайдан алғаны және оқиғаға қатысының бар-жоғы анықталмаған. Ең құрығанда Мартыновичтің теле­фонмен тілдесулерінің егжей-тег­жейін білу үшін ұялы байланыс опера­торына сұрау жолданбаған. Мар­тыновичтің Каспий банк ар­қылы ақылы автожолдардың төле­мін төлегені туралы дерек бар. Яғни, қылмыс жасалған бір айдай уақытта зардап шегушіні тергеуден және бағ­дарлауды бағыттаудан басқа ештеңе жасалмаған. Осы арқылы автомо­билді қайтарылмастай мүлдем жо­ғал­ту қаупі туды», – деп қапаланады көлік иесі.

Ол Тойотасы бөлшекке тараты­лып әкетіледі, қайта жабдықталады немесе басқа жолмен көзі құртылады деп үрейленеді. Оның үстіне, іздеу жарияланбағандықтан, айыпты шынымен шетелге қашып кетуі мүм­кін. Әзірге тергеу жалғасуда. Істі қадағалау туралы өтініш Бас про­куратураға жолданған.

Жалпы, құқық қорғау орган­да­ры­ның немқұрайдылығы, әрекет­сіз­дігі кесірінен Қазақстанда алаяқтар бар­лық саланы жайлап бара жатқан­ға ұқсайды. Мұндай жағдай кар­шеринг­ті ғана емес, автомобиль арендасы саласын да жарға жығып тынуы мүмкін.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.