Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Дәретханаға да бара алмаймыз»: Атырауда медицина қызметкерлері сұмдық жағдайда өмір сүріп жатыр

0 476

Атырауда медицина қызметкерлері сұмдық жағдайда өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап. 

“Ескі жатақхананы паналған ақ халаттылар барар жеріміз болмаған соң ғана өлместің тіршілігін жасап отырмыз,” – дейді.  Қала  басшылығы өңірдегі апатты 12  жатақхана қатарына енгізіп, жаңасына көшіруге уәде еткен. Ал биыл қала билігі уәдесінен айнып қалған. Сөзіне тұрмаған шенділерге өкпелеген жатақхана тұрғындарымен тілшіміз кездесіп қайтты.

102 бөлмесі бар бұл жатақхананы осыдан 32 жыл бұрын медицина қызметкерлеріне берген екен. Асүй де, қол жуатын бөлме де 4 отбасына ортақ. Ыстық судың тоқтағанына ширек ғасыр болса, салқын суды тұрғындар насоспен алып отыр. Ал газ атымен жоқ, электр жарығы сәт сайын өшеді, дейді шыдамы шегіне жеткен жұрт.

«Үстелге арналған плитка бар, соған тамақ әзірлейміз. Бізде газ жоқ, су 4 пен 5-ке көтерілмейді. Қыс болса, жылу жоқ. Жарығымыз көтермейді, өшіп қалады. Плитканы қосамыз, өшіп қалады, оны суырып, шәйнек қоссақ, тағы өшіп қалады. Қайта қосып жүргенім. Квартал сайын өз жанымыздан ақша төлеп, насос жасаймыз», – дейді тұрғын Жаңылсын Шаяхымеденова.

«Оның мәселесі сыртында емес, ішінде. Мысалы,  бір үйге келсе, қонақ  шақырғанда, ол кісі келгенше тамақ та іше алмаймыз,  дәретханаға да бара алмаймыз, жуына да алмаймыз, отырамыз. Ананың қонағы қашан кетеді. Сол кезде ғана шығып, шәй-тамағымызды ішеміз. Қонақпен бірге жағаласуға тағы болмайды», – дейді тұрғын Сұлухия Ерменова.

Мұнда тұратындардың барлығы дерлік медициналық мекемелерде қызмет ететін медбикелер мен тазалықшылар. Және сол саладан зейнетке шыққандар. Тәуліктік кезекшіліктен келгенде қоңыз жайлап, көң тартқан көне бөлмеде демалу мүмкін емес, – дейді олар. – Осыдан бес жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы апатты жатақханалар тізіміне енгізіп, биыл жазда көшіреміз”, – деп уәде еткен. Бірақ уәде бергендер қызметінен кетіп, орнына келген басшы «көшіруге жатпайды» деп қысқа қайырған.

«ХХІ ғасырда ешқандай жақсылық көріп жатқан жоқпыз. Ит байласа да тұратын жер емес мынаған. Ешқандай жағдай жоқ. Су жоқ, газ жоқ. Жуынатын  жер жоқ.  Баклажкамен жуынамыз. Сонда қандай жағдай болады. Түсінбеймін мен. Осы жатақханада қандай модернизация болады, мысалы, біздер келіспейміз. Біздерді көшірсін»,  – дейді тұрғын Балым Садығұлова.

Бірінен соң бірі ауысқан  шенділердің қағаз жүзіндегі жауабы қолында қалған мұндағы жұрт енді не істерін білмей, дал. Жертөлесі суға толып, барлық коммуналдық желісі тоз тартқан жатақхана жаңартуға келмейді десе де, жауаптылар құлақ асар емес. Қала басшысының шешімі деді.

«Қаланың әкімі айтты осы үйге модернизация жасауға ұсыныс беріңдер деп. Заключениені ашып қарадық. «Жөндеуге жатады» деп тұр. Сондықтан тұрғындарға ашық  айтып тұрмыз оны. Үйлеріңізге ремонт жасай аласыздар. Енді көшіру мәселесі қазіргі уақытта белгісіз деп», – дейді Атырау қалалық ТҮКШ басқармасының сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

5 жыл бойы құрғақ уәде беріп,   үйдің техникалық қорытындысын енді ғана ашып қараған әкімдіктегілердің әрекеті түсініксіз. Айта кетейік, шаһардағы апатты ғимарат тізімініне іліккен 12 жатақхананың бүгінде 10-ы сүрілген. Ал тұрғындары жаңа баспанаға көшіріліпті. Ақ халаттылар тұратын бұл жатақхана халқы, жылуы да, суы да жоқ баспанада биыл қалай қыстап шығарын өздері де білмейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.