Шенеуніктер Алматы облысының әкімдігі орналасқан ғимаратты көрсетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Алматы облысының әкімдігі Қонаевтағы ойынханалардың бірінің ғимаратына көшірілетіні туралы хабарлама тарап жатыр.
Мемлекеттік органның баспасөз қызметі желіде тараған хабарламаның жалған екенін дәлелдеу мақсатында облыс әкімдігі орналасқан ғимаратты фото және видеоға түсірген.
Алматы облысының әкімдігі Жамбыл көшесіндегі №13 үйге көшкен. Облыстық шенеуніктердің келуіне дейін бұл ғимаратта қала әкімшілігі орналасқан.
«Бұл ғимаратқа әкімдікпен бірге басқа да басқармалар көшті», – делінген әкімнің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алматы облысы әкімдігінің ғимаратына кіреберіс
Алматы облысы әкімдігінің кіреберісіндегі тәртіп сақшылары
Ал Қонаев қаласының әкімдігі мен барлық қалалық басқармалар «Бәйтерек» бизнес орталығына көшті. Ол 2-ықшамауданда орналасқан.
«Бәйтерек» бизнес орталығы
Tengrinews.kz сайтының тілшілері облыс әкімдігі көшуі мүмкін деген ойынхана мекемесіне барып, ғимарат жұмыс істеп тұр ма, онда кімдер отыр деп білуге тырысты. Алайда күзетші журналистерді ойынхана аумағына кіргізбеді.
Тілшілер ғимаратты сыртынан түсіріп алды. Ғимаратта мемлекеттік органдардың отырғанын меңзейтін мемлекеттік рәміздер ілулі тұрған жоқ.
Алматы облысының әкімдігін ойынхана ғимаратына көшіру туралы қауесет осы жылдың сәуір айында шыққан болатын. Алайда әкімдік бұл ақпараттың барлығын жоққа шығарды.