Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларды таяқпен ұрған: Алматы облысында полиция балалар үйінің тәрбиеленушілерін ұрғандарға қатысты тергеу бастады

0 173

Алматы облысының полиция департаменті балалар үйінің тәрбиеленушілерін ұрып-соққандарға қатысты тергеу бастады. Бұған әлеуметтік желіде тараған видео себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап. 

Видеодан ер адамның балаларды таяқпен ұрғанын көруге болады. Полиция өкілдері 27 тамыз күні Іле ауданының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына отбасы үлгісіндегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің ұрып-соғылғандығы жайында ақпарат келіп түскенін мәлімдеді.

«Аталған сигнал бойынша ювеналды полиция қызметкерлері аудан әкімдігінің мамандарымен бірлесіп тиісті тексеру жұмыстарын ұйымдастырды. Тәрбиеленушілер біраз уақытқа “Солнышко” балалар үйіне тапсырылды.  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) көзделген факті бойынша жиналған материал соттың қарауына жіберілді», – делінген хабарламада.

Балаларды одан әрі қорғаншылыққа алу немесе одан айыру туралы шешімді арнайы құрылған комиссия қабылдайды.

Айта кетейік, бұған дейін желіде Алматы облысы Іле ауданындағы отбасылардың бірінде асырап алушылардың кәмелетке толмаған балаларға қатыгездікпен қараған видеосы тараған болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.