Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыңғырла, алғашқы қоңырау!

0 143

   Бүгін – Білім күні. Бұл – әр баланың көкірегіне нұр құйылып, әр ұстаздың жүрегі тебіреніп, көңілі шарықтайтын, әр ата-ананың мерейі таситын қуанышты күн. Осы күні әр көшеде иығына сөмкесін асынып, мектеп табалдырығын аттауға аттанып бара жатқан сүйкімді бүлдіршіндерді көреміз. Соларға қарап тұрып, әрбір адам өзінің балалық шағына сапар шегеді.

Мектебің мынау, класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.
Осы өлең жолдары «мектеп» атты ұлы кеменің желкенін керген барлық адамды бейжай қалдырмайды. Содан болар, бұл шумақ біздің санамызда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Бұл күн – жай ғана мереке емес, бала шақтан болашаққа талпынған әр жүректе үміт пен арман араласқан ұмытылмас сәт. Егер барша мектептің қоңырауы бір мезетте соғылар болса, жұмыр жердің жүрегін қуаныштан тербетер еді-ау.
Білім күнінің шығу тарихы да ерекше. Атақты Рим императоры Константин 325 жылы алып шіркеу тұрғызып, 1 қыркүйек күні Жаңа жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарады. Алайда 1699 жылы еуропалықтардан ерекшеленбес үшін Жаңа жылды тойлау 1 қаңтарға ауыстырылған.

Бір қызығы, дәл осы жыл төрт айға ғана, яғни 1 қыркүйектен 1 қаңтарға дейін созылған екен. Ал неге оқу жылының басталу күні өзгермеді? Өйткені жылдың төрт айға созылуына рұқсат берілсе де, оқушылардың білім алуына кедергі келтіруге болмайтын еді. Олай болған жағдайда, балалар бір сыныпты төрт айда аяқтап тастаулары керек болатын. Ал бұл мүмкін емес. Бір жағынан, климаттың да әсері болғанға ұқсайды, өйткені оқушыларға күздің қара суық күндеріне қарағанда жаздың жаймашуақ күндерінде демалған әлдеқайда ыңғайлы еді. Оқушылардың мектепке қыркүйектің бірінде баруларының себебі, бағзы замандарда бұл күні күздің алғашқы күні ғана емес, күнтізбенің алғашқы күні басталатын болған. Кейіннен 1984 жылы Білім күні күнтізбеде белгіленді. Осыдан бастап дәстүрлі түрде Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Молдова, Түрікменстан, Украина сияқты посткеңестік елдер тойлай бастады.
Биыл облыстағы 447 білім ошағына 244 мыңнан астам бала келеді деп күтілуде екен. Ал 23 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет әліппе бетін ашпақ. Ал шаһардағы 60 мектепте 80 043 бала білім алса, 1-сыныпқа 7856 оқушы қабылданған. Өңірдегі үш ауысымды мектептердің де мәселесі шешіліп келеді. Бұдан бөлек, осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды да көзіміз көруде. Әрине, мұның барлығы білім саласының беделін биіктетері сөзсіз.
Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ. Бұл – еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бабаларымыз да «Білімдінің күні жарық» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, баршаңызға құтты болсын! Қадамыңа нұр жаусын, жас бүлдіршін!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.