Қалалық қоғамдық-саяси газет

Апат айтып келмейді

0 190

Қазақстанның басты байлығы – адам және оның өмірі мен денсаулығы. Алайда ойламаған жерден орын алатын өкінішті жағдайлар аз емес. Мұндай сәтте төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына жүгінеміз.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында 317 табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар тіркеліп, 16 адам зардап шеккен. Өкінішке орай, 7 адам қаза тапқан. Сондай-ақ өңірде 305 өндірістік және тұрмыстық өрт апаты орын алып, салдарынан 10 адам зардап шегіп, 4 адам ажал құшқан. Өрттен келген материалдық шығын 66,5 миллион теңгені құраған.
Тілсіз жаудың негізгі себебі – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақталмауы, балалардың отпен ойнауы. Өрттерге жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты 236 әкімшілік жаза қолданылып, жалпы сомасы 972 мың 502 теңге және 200 ескерту түрінде айыппұл салынған. Сондай-ақ шұғыл шақырудың арнайы телефон желілері бойынша Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке келіп түскен қоңырауларға жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Айталық, ағымдағы жылдың 6 айында «112» және «101» нөмірлеріне, жалпы алғанда, 250 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Нәтижесінде ведомстволық бағынысты бөлімшелер 427 адамды құтқарып, 208 адамды эвакуацияласа, 125 зардап шегушіге жедел медициналық көмек көрсетілген.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері шаруашылық жүргізуші субъектілерге 1081 өрт-техникалық тексеру жүргізіп, 6550 қауіпсіздік талаптарын бұзушылықты анықтаған. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 856 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындамау бойынша әкімшілік сотқа объектілерді пайдалануды тоқтата тұру бойынша 95 әкімшілік материал жіберілген. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 46 пайызға артық екен.
Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 193 мыңнан астам ауланы аралап, 1504 жиын өткізген. Басқосулар барысында 377 мыңға жуық адамға нұсқау беріліп, 400 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылған.
Былтыр қыстағы қалың қардың әлегінен республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс 5 рет жабылған болатын. Қатты қар мен боранды жел кезінде 25 адам құтқарылса, оның 5-і бала екен. Қар құрсауынан 5 автотехника босатылып, есептік кезеңде 18 рет іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген.
Жазғы шомылу маусымы басталысымен департамент облыстың су айдындарында адамдардың қаза болу жағдайларының алдын алу бойынша шаралар кешенін жүргізіп келеді. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында бірлескен жоспар бекіткен болатын. Сол жоспарға сәйкес 192 рейд өткізілген. Сондай-ақ қолайсыз және көпбалалы отбасылар бойынша да рейдтер өткізіліп, жазғы кезеңдегі қауіпсіздік ережелері, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырған жағдайда ата-аналардың жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Алайда жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, облыстағы су қоймаларында 2 адам суға батып кеткен. Ал өткен жылдың осы кезеңінде 3 адам суға батса, 1 адам құтқарылған.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.