«76 млн теңге»: Аймағамбетов олимпиада жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар мен оқу грантын табыстады
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін ақшалай сертификатпен марапаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, 27 қазақстандық оқушы Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, өткен жылдардағы рекордты жаңартқан. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль бар.
Министр жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен отандық жоғары оқу орындарында оқуға грант табыстады. Жеңімпаздарды дайындаған педагог-тәлімгерлер де ақшалай сыйлық алды.
«Алтын, күміс, қола медальдар саны мен жалпы ұпай бойынша сіздер жаңа рекорд орнаттыңыздар. Бұл – еліміз үшін өте маңызды жетістік. Сіздердің жауапкершілігіңіз, табандылығыңыз бен ұзақ жылғы қажырлы еңбектеріңіз марапатқа лайық», – деді Аймағамбетов.
Айта кетсек, биыл ел президенті халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді көздейтін заңға қол қойды.
«Алтын» алған оқушылар 1 500 АЕК (4 770 000 теңге), күміс медаль 1 000 АЕК (3 180 000 теңге), қола медаль 500 АЕК (1 590 000 теңге) ақшалай сыйлық алды.
Сыйақының жалпы сомасы 76 млн теңгеден асты.
Министр қазір 7 олимпиададан тұратын халықаралық беделді олимпиадалар тізімі келесі жылы тағы 7 олимпиадамен толығатынын атап өтті.
Аймағамбетов дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хат табыстады.
«Ел президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын», – деді оқу-ағарту министрі.