Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тау тұлғаның еңселі ескерткіші бой көтерді

0 109

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл! Көзі тірісінде-ақ халықтың зор ықыласына ие болып, құрметіне бөленген ұлы тұлға, кемеңгер саясаткердің мерейтойында елдік іс атқару – өскелең ұрпақ алдындағы асқаралы міндет.

Осыған орай Тараз төрінде Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл – аңыз адам алдындағы міндет пен борыштың орындалғанының көрінісі. Бүгініміз бен келешегімізді бекемдеген елдік іс.
Айтулы шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, қоғам қайраткері, генарал-лейтенат Амангелді Шабдарбаев және Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев қатысып, ескерткішті салтанатты түрде ашып берді.
Бұл қуанышқа ортақтасуға Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалалары мен Алматы және Түркістан облыстарынан құрметті қонақтар, халқын қапысыз сүйген тұлғаның көзін қөрген ел ағалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, өз естеліктерімен бөлісті.
Шара соңы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының залында өткен салтанатты жиынға ұласты. Театр шымылдығы түрілген соң, Дінмұхамед Ахметұлы туралы әзірленген арнайы фильм көрермен назарына ұсынылды.
– Өткенді саралап, кеше мен бүгінді жалғап, тарихи сәттерді ұштастырған ұлт перзентін ұлықтайтын мерейтой құтты болсын. Қоғам қайраткерінің елге сіңірген ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Тау тұлғаның асқақ бейнесі – бүгінгі ұрпақтың мақтанышы, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Қоғам қайраткерінің құрметіне салтанатты шара барысында өнерпаздар шарықтата ән шырқап, тамылжыған күй де шертті. Тарихи күннің кешінде айтулы азамат туралы түрлі естеліктер айтылды. Елі үшін туған ер Дінмұхамед Қонаевтың жасаған игі істері жүректерде мәңгілік сақталып қалатыны сөзсіз.
Жиыннан соң ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды.

Жұматай КӨКСУБАЙ,
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.