Шымкентте ішкі істер органы қызметкерінің формасын киіп алып, көшеде жүрген 19 жасар жігіт шын полицейлерге ұсталып қалды, деп хабарлайды Экспресс К.
Тәртіп сақшылары жас жігітті рейдтік шара кезінде байқаған. Оны тексеру кезінде қалтасынан Әл Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы деп жазылған жалған қызметтік куәлік табылған.
Тергеу кезінде жас жігіт полиция формасын қаладағы дүкендердің бірінен сатып алғанын айтқан. Куәлік мұқабасын да сатып алып, кейін оны полиция қызметкері куәлігінің үлгісіне сай етіп жасатыпты. Ал ондағы өзінің суретіне фотошоп арқылы полиция формасын кигізген.
«Құжатта өзін учаскелік инспектор деп көрсеткен. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 390-бабымен (билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның атағын өз бетімен иемденіп алу) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті кінәсін толық мойындап отыр», — деді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.
Өзін «полицей» сезінгісі келген жігіт — Түркістан облысының тұрғыны. Бұрын сотты болмаған. Қазіргі таңда полицейлер оның форманы қандай мақсатта киіп жүргенін анықтап жатыр.