Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулин мен бауыры Ерланның қылмыстық іске қатысы бар екені анықталды

0 116

Нұрлан Нығматуллин мен егізі Ерланның рейдерлік жайлы қылмыстық іске қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі KazTAG басылымына сілтеме жасап. 

«Балқаш оқиғалары жайлы екі кәсіпкердің арақатынасы астанадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тергеп жатқан қылмыстық істің фабуласына айналды. Ол 2022 жылдың сәуірінде басталған. Бұл істің аясында Сұлтанбеков зардап шегуші болып танылды. Демалыс аймағына қатысты және өзге де деректерді айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр, жедел топ құрылды. Бұл істің аясында Нығматулиндердің қатысы мен олардың қаншалықты әсер еткені бағаланып жатыр», – деді адвокаттар коллегиясының адвокаты Мәулен Әлімбаев.

Ерлан Нығматулинмен арадағы жанжалдан кейін 2012 жылы балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 21 жылға сотталып, оның 10 жылын түрмеде өткізді.

Қарағанды облысы аймақтық кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшесі Николай Абт кәсіпкер мен Нығматулин арасындағы жанжал 2011 жылы Сұлтанбеков қаладағы жемқорлық мәселесін көтерген соң басталғанын айтады. Кейін Балқаш прокуратурасы қаланы абаттандыру бойынша тендерлер өткізу кезіндегі өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Қарағанды облысы бойынша қаржы полиция департаменті жүргізген сараптамадан соң мемлекеттік тапсырыс негізінде республика қаражатының шығындалғаны белгілі болды.

2012 жылдың 27 желтоқсанында Балқаштан Астанаға барар жолда Сұлтанбеков заңсыз қару ұстағаны үшін ұсталды. Тергеу 6 күнде аяқталып, кәсіпкер 3,5 жылға сотталды. Кейін бұл жаза 21 жылға айналған. Жазасын өтеу кезінде Сұлтанбековтің үстінен тағы 5 қылмыстық іс қозғалды. 2022 жылы, 10 жылдан кейін кәсіпкерге қатысты 3 қылмыстық іс қайта қаралып, ол ақталып шықты.

Адвокат Юлия Джафарованың сөзінше, Сұлтанбековке қатысты істердің барлығы қолдан жасалған.

«Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Сұлтанбековтің ісі бойынша зардап шегуші болып танылған адамдарға өздері әдейі дене жарақаттарын келтірген. Кейін қысым көрсетіп, Сұлтанбековтің үстінен арыз жазуға мәжбүрлеген. 2022 жылдың 27 шілдесінде ШҚО сот коллегиясының шешімімен оған қатысты үш қылмыстық іс жойылды», – деді ол.

Енді қорғанушы тарап Сұлтанбековтің тағы үш іс бойынша да кінәсіз екенін дәлелдемекші.

«Барлық 6 істің де өз ерекшелігі бар, барлығының бірден күшін жою мүмкін емес. Сұлтанбековті ақтау ісі жалғасып жатыр. Тағы үш қылмыстық іс қалды, солардың бірі 2012 жылы қозғалған», – деді Мәулен Әлімбаев.

Нығматулиндердің Қазақстандағы ықпалы туралы айтқан Әлімбаев «мұны уақыт көрсетеді» деді.

«Іс жүріп жатыр, екеуінің де (Нығматулиндер) құқыққа қайшы істері анықталады», – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.