Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі тыңдалды

0 747

Билік қашанда бұқараның базынасына құлақ түріп, ашықтыққа ұмтылуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының да негізгі мақсаты – осы.

Жуырда осы мақсатты Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил шаһар аумағындағы №11 округке қарасты «Шаңырақ» алқабының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерін тыңдады. Жүздесу барысында тұрғындар қоғамдық көліктің қатынамайтындығы, газбен қамту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер жұмысының салғырттығы, полиция инспекторларының жұмысы туралы мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде Қайрат Әбілханұлы барлық талап-тілектер назарға алынғандығын және тиісті жұмыстар жоспарлы жүзеге асырылатындығын жеткізді.
Бұдан кейін Қайрат Исмаил «Шөлдала» алқабына ат басын бұрды. Демалыс күндері екендігіне қарамастан, жергілікті тұрғындардың келісімімен өткен жоспардан тыс жиында бірқатар мәселелер қаралды. Айталық, алқапқа газ кіргізу мәселесі 2019 жылы басталған болатын. Тұрғындар «ұзын арқан, кең тұсауға салынған» мердігердің жұмысын күте алмайтынын айтып, мәселені шешіп беруді өтінді. Шөлдаланы электрлендіру мәселесі де 2021 жылы басталып, биыл аяқталу керек еді. Алайда мердігерлердің тарапынан орын алған кемшіліктерге байланысты бұл жұмыстар да кешеуілдеп келеді.
– Газ мәселесі жылыту маусымы басталғанға дейін шешімін тапса, электрлендіру мәселесі ағым- дағы жылдың қазан айында аяқ-талады. Алайда бұл істің ілгерілеуі жергілікті халыққа да байланысты екендігін қаперге алу қажет. Себебі тұрғын үйлердің тиісті құжаттары дайын болмаса, алқапты жарыққа қосуда кедергі туындайды. Сондай-ақ «Шөлдала» алқабындағы проблемалы нысандар зерделеніп, бірқатар құрылыстардың барысы бақылауға алынды. Биыл шаһардағы «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад» алқаптары мен 28 саяжай таза ауыз су жүйесімен қамтылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып кетті, – деген Қайрат Әбілханұлы құрылысты уақытында әрі сапалы орындау керектігін баса айтты.
Сонымен қатар Шөлдала мен Құмшағалдағы көпірдің жағдайы, екі алқапты байланыстыратын жол мәселесі де назардан тыс қалмады.
Шөлдалалықтар тарапынан көтерілген өзге де сұрақтарға қала әкімінің орынбасары Н.Қалдыбаев пен тиісті бөлім басшылары жауап берді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.