Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа оқу жылына дайындық қандай?

0 203

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Алайда қыркүйекке оқу орындарының дайындығы қандай? Мектеп құрылыстары дер кезінде аяқтала ма? Оқушыларға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетілмек? Студенттердің сақтық шаралары мен материалдық базасы назардан тыс қалмаған ба? Міне, осы және өзге де мәселелер Тараз қаласы әкімдігінің аппараттық жиынында күн тәртібіне шығарылып, жан-жақты талқыланды.

Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, 2022-2023 оқу жылын 60 мемлекеттік және 12 жекеменшік мектеп бастайды екен.
Оқу-ағарту министрлігінің әдістемелік нұсқаулығына сәйкес оқу жылына қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мектептерде 78 241 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданған балалар саны 7373-ті құрайды. 4435 бала жекеменшік мектептерде білім алатын болса, 1-сыныпқа балаларды қабылдау «Egov» порталы арқылы 1 тамызға дейін жүргізілді.
Орыс тіліндегі 5 мектептің барлығында қазақ сыныптарын ашу бағытында ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 мектепте (№7,24,41 гимназиялар) қазақ сыныптары ашылды. Алдағы оқу жылы мектептердің 31-і қазақ, 29-ы аралас тілде білім беретін болады, – деді Раушан Пернешқызы.
Бүгінгі күнге 8 мектептегі ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал №39 мектеп-гимназияның күрделі жөндеу жұмыстары 85 пайызға бітіп отыр. Мердігер «Тараз Прогресс» ЖШС құрылыс жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіруге уәде етуде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылында «Барысхан» алқабы мен Асқаров көшесінің бойындағы екі мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен жылы үш ауысымды 2 мектеп тіркелген болса, биыл бұл мәселе толықтай шешімін таппақ.
Қаладағы 113 білім мекемесінің 112-сі жылу тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан жылытылатын болса, 1 мектеп пеш арқылы жылытылады. Аталған мектепке ағымдағы жылы 15 тонна көмір алу үшін конкурстық жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы кездері шаһарда коронавирус кеселі қайта көрініс бере бастағаны белгілі. Осыған орай қалалық білім бөлімі санитарлық құралдар алуға 18 миллион 420 мың теңгеге конкурс жариялаған. 1 қыркүйекке дейін барлық білім беру мекемелері санитайзер, тепловизор, медтөсеніш сынды құрылғылармен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ бүгінгі күнге оқу орындарында жұмыс жасайтын 12190 қызметкердің 9873-і ревакцинациядан өткен.
Биылғы оқу жылында 10 мектептегі 3294 баланы тасымалдау үшін 18 автобус бағыты жолға қойылған. Сондай-ақ оқулық мәселесі де назардан тыс қалмаған.
– Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу мен жеткізуге 916 776,0 мың теңге қаражат қарастырылып, 16 баспамен келісімшарт жасалды. Мәмілеге сәйкес оқулықтар 20 тамызға дейін жеткізіледі. Бүгінгі күні 4 баспаның («Мектеп», «Жазушы», «Астана кітап», «Экспресс») оқулықтары 100 пайыз тасымалданып, жалпы жоспарланған оқулықтың 15 пайызы жеткізілді. Оқулықтарды балаларға тарату жұмысы 25 тамызға дейін аяқталады, – деді Раушан Пернешқызы.
Жалпыға міндетті білім беру қорынан берілетін көмек түрлеріне (мектеп формасы, оқу құралдарын алуға берілетін қаржылай көмек) 614 348,0 мың теңге қаражат қарастырылып, аз қамтылған және көпбалалы 18 903 баланың заңды өкілдерінің есеп-шоттарына қаражатты аудару жұмысы 15 тамыздан бастап жүргізілмек. Қаражатты аудару 20 тамызға дейін толықтай аяқталады.
Жекеленген санаттағы балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен (1 балаға 450 тг) 1 миллиард 139 миллион 370 мың теңге қарастырылып отыр.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 128 миллион 744 мың 700 теңге бөлініп, 7 мектепке турникет орнату, 60 мектептегі дабыл түймесі мен бейнебақылау камераларының жедел басқару орталығына қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
1 қыркүйекке дейін мектептер 22 модификациялы кабинет және 20 интерактивті панельмен жабдықталатын болады.
Раушан Қожамжарова жиында биылғы жылдың басты жаңалығы – мектеп директорларының ротациясына да тоқталып өтті.
– ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығының негізінде маусым айында білім бөліміне қарасты 20 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары және шілде айында 16 жалпы білім беретін мектеп директорлары ротацияланды. Барлығы соңғы жеті жыл бойы бір мекемеде басшылық жасаған қызметкерлер, – деді бөлім басшысы.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы тағы бір жаңалық – мектептер мен балабақшалардағы 300-ден аса бос орынға конкурс жарияланады. Өткен жылы зейнет жасына жеткен 93 педагог жұмыс атқарған болса, биыл олардың еңбек шарттары тоқтатылып отыр.
Осылайша биылғы оқу жылына дайындық барысын жіті баян еткен Раушан Пернешқызы сөз соңында өзге мәселелер тамыз кеңесінде айқындалатындығын айтты.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.