Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Кез келген кәсіпті жүргізуге ең бастысы ниет керек»: Түркістандық келіншек мемлекеттің көмегімен қалай бизнес ашқанын айтты

0 569

Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласында тұратын Мәдина Дәуренбек – он саусағынан өнер тамған шебер. Ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосып жүрген кәсіп иесінің жұмысымен Stan.kz тілшісі де танысып қайтты.

Көпшілік арасында шебер келін атанып кеткен жетісайлық Мәдинаның қолынан келмейтіні жоқ. Сәукеле, кәжекей сынды қазақтың ұлттық киімдерінен бастап, құрақтың түр-түрін құрайды. Бұл кәсіпке келгенге дейін шаштараз ретінде қызмет атқарған оған таңнан кешке дейін сыртта жұмыс істеу қолайсыздық туғызыпты. Оның үстіне жас отбасының сәбилері бірінен кейін бірі дүниеге келіп бала күтіміне де көңіл аудару қажет болған. Осылайша барлық тұрғыдан үйде отырып жұмыс істеу қолайлы болғандықтан өзінің қолдан келер кәсібі қолөнермен айналысуға түбегейлі бет бұрыпты.

“2019 жылы декреттік демалыста үйде отырғанмын. Интернет ақтарып отырып гүл шамдарына көзім түсті. Жасап көрсем деген ой келді. Бұл ойымды жолдасыма айтқан едім, ол құптай кетті. Сөйтіп алғашқы гүл шамдарымды жасай бастадым”, – дейді Мәдина Алтайқызы.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлімшесінен «Бастау Бизнес» жобасы жайлы естіп білген ол ойлана келе оқуға шешім қабылдайды. «Бастау Бизнес» курсында білім алып қана қоймай, атаулы грантқа қол жеткізеді. Берілген қаржыға бұрыннан алуды көздеп жүрген түзу тігіс машинасын және қажетті құрал-саймандарын сатып алады. Бұл өзіне берілген үлкен мүмкіндік әрі қолдау болғанын айрықша атап өткен Мәдина Дәуренбек «Бастау Бизнес» жобасы жұмысының қарқынды жүруіне жол ашқанын тілге тиек етті.

“Жоғарыда атап өткенімдей, гүл шамдарын жасауды қолға алдым. Бірақ бастапқыда тапсырыс өте аз болды. Халық онша қабылдады. Шам ретінде таңға дейін жанып тұрса «жанып кетпей ме?», «күйіп кетпей ме?» деген сұрақтарды қойып, сенімсіздік танытты. Осы бір кезең аздап қиындық туғызғаны бар. Бірақ бұл көпке созылған жоқ. Біз өз тәжірибемнен өткізе отырып, тұтынушыларымызға сенімді түрде қолдана беруге болатынын айттым. Бума гүл тәрізді изолан материалынан жасалатын шамдар туған күн және түрлі салтанатты кештерге  таптырмас сыйлық. Себебі табиғи гүлдер бүгін бар болса, ертең жоқ. Осындай тиімді тұстарын айтып, түсіндіргеннен кейін, тапсырыс берушілердің қатары күн санап артты. Қазіргі таңда Қазақстанның әрбір аймағынан тапсырыс берушілер өте көп”, – дейді ол.

Өзінің шеберлігінің арқасында қазір ол айына 300-400 мың теңге көлемінде табыс тауып отыр. Сондай-ақ Мәдина өзінің ісмерлік сабағын үйренемін деушілерге әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы онлайн түрде оқытып келеді. Сонымен қатар, шетелден арнайы тапсырыспен алдыртатын гүл шамдарын жасауға қажетті материалдарды елімізге әкеліп сатуды да жолға қойған.

“Жолдасым жиhaз жасау ісімен айналысады. Екеуміз де шебер болғандықтан бір-біріміздің жұмысымызды жақсы түсінеміз. Көп нәрсені айтқызбай көзқарасымыздан-ақ ұға береміз. Тіпті, бір-біріміздің істейтін жұмыстарымызды да жақсы меңгеріп алғанбыз. Тапсырыс кімде көп болса, соған көмектесіп, бітірісуді дағдымызға айналдырғанбыз. Бір-бірімізді қолдау арқылы кәсібімізді де одан әрі дамыта түсудеміз. Мәселен, маған гүл алуға келген кісілер оның жасаған дүниелерін көріп, жиhаздарға тапсырыс беріп кетеді. Ал кейде жолдасыма келген кісілер, менің қолымнан шыққан қолөнер бұйымдарын сатып алып жатады. Жолдасым көбіне маған зор қолдау білдіреді”, – дейді шебер.

Көпбалалы ана екеніне қарамастан, келіндік міндетін де қалтқысыз орындап, шебер ретінде де өз кәсібін дамытып жүрген Мәдина Дәуренбектің ісі шынында да кісі қызығарлықтай. Өз ісінің алға басуы ең бірінші Алланың, одан кейін ата-енесінің ақ батасының арқасында екендігін атап өтті ол.

“Жастарға айтарым, егер де өмірден әлі де өз орындарыңызды таппаған болсаңыздар, онда «Бастау Бизнес» жобасы сіздерге арналған. Оқу барысында қолыңыздан қандай істерді атқару келетінін айтсаңыз, олардың тиімдісін таңдап, бүгінгі нарықта қалай ол іспен пайда табуға болатынын кәсіби мамандардан білесіздер. Жалпы бизнес жүргізудің қыр-сырымен толыққанды танысып, берері мол білім аласыздар. Кез келген кәсіпті жүргізуге ең бастысы ниет керек”, – деп түйіндеді сөзін Мәдина Алтайқызы.

Алдағы уақытта шебер үлкен цех ашып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.