Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елімізде кофе қымбаттауда: Сарапшылар себебін айтты

0 362

Елімізде кофе тұтыну көрсеткіші жыл санап артып келеді. Халықаралық бизнесті дамыту ұйымының ресми дерегі бойынша былтыр қазақстандықтар 2 мың тоннадан астамын тұтынған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,5 мың тонна шамасында болған. Соңғы жылдары кофенің импортымен қатар бағасы да біршама өскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Соңғы жеті жылда кофе дәндері мен оны алмастыратын тауарлар импорты үш есеге көбейген. Қазір кофе күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналғандай.

Нқрсұлтан Баешов 2017 жылдан бері бариста болып жұмыс істейді. Бұл уақыт аралығында кофенің өзінің де сүйікті сусынына айналғанын айтады.

“Күнделікті бірден екі келі кофеге тапсырыс беремін. Күніне бір келісі кетеді. Бұл шамамен 30-50 стаканға жетеді. Дайындауына, кімнің қандай кофеге тапсырыс бергеніне байланысты. Негізі келісі орташа 40-45 стаканға мөлшерленген”, – дейді бариста Нұрсұлтан Баешов.

Нұрсұлтан кейінгі кезде кофе дәні, сүт және қағаз ыдыс бағасы қымбаттағанын айтады. Сондықтан ол сусын бағасын 10%-ға көтеруге мәжбүр. Ал кофе шикізаты және сусынды әзірлеуге қажет өнім құнының өсуіне Роттердам мен Санк-Петербург арасындағы тасымалдың тежелуі себеп. Қазақстан кофе дәндері мен ұнтақталған өнімді негізінен Ресейден тасымалдайтынын ескерсек, санкцияның салқыны бізге жанама түрде осылай әсер етіп тұр.

“Еуразиялық экономикалық одақ шарты бойынша біз тауардың барлық түрінен ұтылып отырмыз. Одақтағы әріптестеріміз оңтүстіктен әкелінетін кофе, какао сынды тауарларға үстеме баға қосып, пайда көріп отыр. Екіншіден, Ресей Федерациясының бюджетіне түсетін баж салығы тағы бар. Біздегі үлесі небәрі 5-6%. Үшіншіден, Ресейде төленетін қосымша құн салығы бар. Бізде бірыңғай салық салу туралы келісім жоқ”, – деді экономист Марат Әбдурахманов.

Жалпы әлем бойынша кофе дәнінің келісі 1 доллар шамасында тұрады. Роттердамнан кеме арқылы Петерборға, одан кейін темір жолмен Қазақстанға жеткенше баға 3 есеге өседі. Ал егер тасымалдың балама жолы табылса, кофе құнын арзандатуға болар еді.

“Тікелей тасымал жолын есептесек, Пәкістанның Карачи портынан Алматыға дейін 2500 шақырым. Ал Алматының Санкт-Петербург портымен арасы 8 мың шақырым шамасында. Үндістанда 1 келі кофе шамамен 1 доллар тұрады. Яғни 200 грамдық кофе қалбыры 20 цент, яғни 100 теңге шамасында. Қазақстанға әкелінсе, онда бағасы көп болса 300 теңгеге жетуі мүмкін. Ал қазір дүкен сөрелерінде тұрған дәл сол кофе 700 теңге тұрады, оған деген сұраныс та жоғары”, – деп қосты экономист.

Елімізде кофеге деген сұраныс артқан. Пандемияға қарамастан 2020-2021 жылдың ішінде импортының құны 42%-ға өсті. ТрейдМап ұсынған статистикаға сәйкес, былтыр елге кофенің 2 мың тоннасы әкелінген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 500 тоннаға артық. Нәтижесінде импорт құны 12 300 доллардан асқан. Кофе экспорттаушыларының үздік бестігінде Италия, Нидерланд, Литва мен Түркия бар. Кофе импортының басым бөлігі Ресейдің үлесінде. Әлемдегі ең ірі кофе экспорттаушылардың бірі Индонезия. Арабика, робуста сынды кофенің небір түрлері өсіретін мемлекеттің Қазақстандағы елшілігі арадағы алыс-берісті қолға алуға ниетті.

“Егер де дистрибьютерлер арқылы емес, алыс-берісті тікелей орнатсақ, қос мемлекет те одан ұтар еді. Өйткені қазіргі таңда кофе өмір салтының ажырамас бөлшегіне айналып барады. Иә, бұрын адамдар тек шәй ішетін. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы сынды ірі шаһарлардың жастар үшін кофе өмір сүру стилінің бір бөлшегіне айналды. Бұл ретте кофе импортының болашағы зор деп білемін. Алдағы уақытта елдегі кофеханалардың саны артатыны анық. Кофенің түр-түрі пайда болып, халықтық сусынға айналатынына сенімдімін”, – деп мәлімдеді Индонезия Елшісінің экономика ісі жөніндегі кеңесшісі Росдиана Муртинингсих.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.