Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ер есімі – ел есінде

0 303

Былтыр Байзақ ауданындағы әскери бөлімшеде болған жарылыс жұртшылықтың жадында әлі күнге дейін жаңғырып тұр.

Оқ-дәрі қоймасында орын алған оқыс оқиға 17 адамның өмірін жалмап, талай шаңырақты шайқады. Өзгелерді құтқарамын деп өз өмірлерін құрбан еткен боздақтардың қатарында Жамбыл ауданы, Ерназар ауылының қос бірдей азаматы Тәңірберген Төребеков пен Ғафан Қуатбек те бар еді. Олар қоймада өрт шыға салысымен, алғаш болып көмекке ұмтылған. Сол сәтте жойқын жарылыс бұрқ етіп, екеуі де сол жерде ерлікпен қаза тапты.
Әрине, мұндай ерлердің есімі әрдайым ел есінде сақталады. Жуырда туған ауылдарында қос батырдың құрметіне волейбол ойын алаңы ашылып, ескерткіш тақтаның орнатылуы – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы.
Салтанатты шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, марқұмдардың туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты. Алғаш болып сөз алған Олжас Елебекұлы айтулы шараның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдай баршамыздың қабырғамызды қайыстырғаны шындық. Ай мен күннің аманында қаншама отбасы әкеден, бауырдан айырылды. Өкінішке қарай, қос жерлесіміз де сол күні келместің кемесіне мініп кетті. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан олардың ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа зор тағылым болып қала бермек. Есіл ерлердің есімін ұлықтау – баршамызға ортақ іс, – деді ол.
Ерназар ауылдық округінің әкімі Ержан Жолбайдың айтуынша, ойын алаңы мен ескерткіш тақтаны тұрғындар өз қаржысына орнатқан.
– Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы игі іске белсене атсалысты. Ертеректе ауылдан түлеп ұшқан азаматтар да қолдарынан келгенше демеушілік көрсетті. Бұл үшін оларға алғыстан өзге айтарым жоқ, – дейді ауылдық округтің басшысы.
Осы күні марқұмдардың рухына құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ волейболдан облыстық турнир ұйымдастырылды. Тартысқа толы болған жарыстың нәтижесінде 1-орынды Байзақ ауданы еншілесе, 2-орынды облыстың ардагерлер құрамасы олжалады. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтының командасы үздік үштікті түйіндеді. Жүлдегерлерге қаржылай сыйақы мен арнайы дипломдар табысталды.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.