Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баянды бағдарлама жемісін беруде

0 193

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің кемел келешегін көздеген дәстүрлі Жолдауларында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар тізімін жасақтауды әрі оның жүйелі жүзеге асырылуын шегелеп тапсыруда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық атаулы көмек қана алып қоймай, тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Өңірімізге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аймақта атқарылып жатқан ілкімді істерді көзбен көрді.

Әуелі министр аймақ тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту мақсатында қолға алынған пилоттық жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Жалпы аталған жоба биылғы жылы тағы 10 ауылдық округте іске аспақ. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 млрд 47,5 млн теңге қаржы қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда. Тамара Босымбекқызы ауылдық жерлердегі жанұялардың табыс көзіне айналған жобаның жүйелі іске асуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Бүгінде бірегей жобаның жемісін Байзақ ауданындағы Қостөбе және Үлгілі ауылдық округіндегі тұрғындар да көруде. Қазіргі таңда олар өз жеке кәсіптерін ашып, игілігін көріп отыр. Тұрмысы түзелген тұрғындар министрмен өз жоспарларымен бөлісті. Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылының тұрғыны Әбужақып Қалдаров жобаның тиімді тұстарын атап өтті. Зейнеткер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазіргі таңда мал басын 15 жылқыға жеткізген ауыл тұрғыны бұл кәсіп отбасының табыс көзіне айналғанын айтты.
– Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық. Бүгінде өз жоспарларымызды сенімді түрде жүзеге асырудамыз. Ауыл экономикасының дамуына, бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына үлесімізді қосатын боламыз. Себебі оның пайдасы мол екеніне көзіміз жетті, – дейді шаруа.
Ауылдық округтегі сапарында министр жобаның игілігін көрген бірнеше тұрғынмен кездесті. Олардың қатарында ірі қара мал өсірумен қатар, үлесінде 10 сотық жері бар Қостөбе ауылындағы «Рүстем», асыл тұқымды тауықтарды өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруа қожалықтары бар. Әсіресе темірден түйін түйген Әмірбек Төлеповтің жұмысы жұртты сүйсінтті. Жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген ол бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі техниканың тілін меңгерген Әмірбек бұл күнде асыраушы салаға қажетті техника жасаудың майталман маманы атанған.
– Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше шаруашылыққа аса қажетті ерекше туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – деді Ә.Төлепов.
Шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң Тамара Босымбекқызы жоба аясында несие рәсімдеп, жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеуіне жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.