Бүгінде шаһардың шырайын келтіру мақсатында қолға алынған ілкімді істер баршылық. Әсіресе көшелерге көп көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Мәмбет батыр және Ташкент көшелері.
Айталық, Ташкент көшесін қайта жаңғырту жұмыстарына мердігер «АрайстройGROUP» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Жоба құны 772 544,541 мың теңгені құрайды. Нысанның техникалық қадағалаушысы – «Бірлік Сапа» ЖШС, авторлық қадағалаушысы – «Нур Асад» ЖШС. Ал Мәмбет батыр көшесін қайта жаңғыртуға мердігермен келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынған. Бұл жоба құны 993 590,124 мың теңге болса, нысанның техникалық қадағалаушысы – «Таразтехнопроект» ЖШС, авторлық қадағалаушысы «Нур Асад» ЖШС екен.
Жалпы облыс орталығының 70 көшесі мен бұрылыстарына 12 877 шаршы метрді құрайтын ағымды жөндеуге бюджеттен 62,4 миллион теңге қаралған. Тиісінше 3 лот арқылы сатып алу жүргізілген конкурста «Алтын Бөбек» ЖШС жеңімпаз атанған. 20 мамырда басталған жөндеу жұмыстарының барысы да көңіл көншітеді. Осылайша таяу күндері шаһар көшелері тақтайдай тегіс болмақ.
Наргиза ТУРАКУЛОВА