Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 671

Демалыс аймағы бой көтеруде

Жуалы ауданында «Көксай» этнотуристік демалыс аймағы, қонақтарға арналған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, моншалар, спорт кешендері, қонақ үйлер, бассейндер салу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда тапшандар мен киіз үйлер және тамақтану мен қызмет көрсету нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба толықтай іске асырылу барысында 100 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Спорт алаңшасы – ел игілігіне!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп белгілеп, балғындарға баса назар аударуды тапсырған болатын. Осы орайда Сарысу ауданындағы Жаңаталап ауылында кіші футбол спорттық алаңшасының ашылғаны ауыл тұрғындары үшін тосынсый болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, балаларды спортқа баулып, бұл саланы одан әрі дамыту керектігін жеткізді.
Көлемі 20×40 метрді алып жатқан алаң барлық талаптарға сай жабдықталып, электр желісіне дейін тартылған.

Футбол алаңы пайдалануға берілді

Шу ауданы, Ақсу ауылдық округінде ауыл жастары үшін футбол алаңы пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Сәкен Арубаев спорт алаңының ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Аталған стадионды ел игілігіне беруге Шу ауданының Құрметті азаматы, меценат Бақытжан Тілеужанов тікелей мұрындық болғанын айта кетуіміз керек. Ол бұған дейін де ауыл маңынан 47 миллион қаржыға саябақ соғып, онда мыңға жуық түрлі ағаштар отырғызған болатын.
Осыған орай, өңір басшысы Бақытжан Әшімқұлұлына құрмет көрсетіп, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Бұдан әрі стадионның лентасын ресми түрде кесіп, Ұлы Отан соғысының ардагері, Әшімқұл Тілеужанов атындағы дәстүрлі турнирді тамашалады.

Жаңаша кейіпке енген орталық стадион

Біраз жылдардан бері жөндеу көрмеген ауданның орталығы Мойынқұм ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орталық стадионы жаңғыртылды. Ескі стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 194,7 миллион теңге бөлінген болатын.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген стадионның аумағында заманауи стандарттарға сай кіші, үлкен футбол, стритворкаут, волейбол, баскетбол алаңшалары төселген. Бұдан бөлек, спортшылар үшін жүгіруге арналған арнайы жол, ал көрермендерге 90 адамдық трибунал салынған.
Стадионда сондай-ақ киім ауыстыруға арналған, жаттықтырушының әкімшілік-тұрмыстық бөлмесі, спорттық жабдықтарды сақтайтын орын да орналасқан. Спорт алаңының аумағы да абаттандырылып, түнгі жарықтар самаладай жарқырап тұр.
Ауданда бүгінде 136 спорттық нысан бар. Оның ішінде 1 спорт кешені, 1 орталық стадион, 28 спорт залы және 106 спорт алаңдары мен алаңшалар ел игілігіне ұсынылған. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудан тұрғындары арасында жыл басынан бері 72 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 5267 адам қатыстырылыпты. Бүгінгі күнге жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын, барлық жастағы тұрғындардың үлесі 33,8 немесе 10807 адамды құрап отыр екен.

Қордайдағы қос қуаныш

Қордай ауданының орталығында тұрғындарға гемодиализ қызметін көрсететін орталық ашылды.
Айта кетейік, бұған дейін бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін науқастарға гемодиализдік қызмет көрсететін орталық аудандық аурухананың тарлау ғимаратында орналасқан еді. Енді азаматтарға жаңа әрі кең ғимаратта сапалы медициналық қызмет қолжетімді болмақ.
Қазір 50 қордайлық тұрғын есепте тұр. Оларды кесте бойынша арнайы көлік алып келіп, апарып тастайды. Орталықта 2 дәрігер, 5 медбике және 3 санитар қызмет етеді. Бір күнде (2 ауысым 4 сағаттан) 20 емделуші қабылданады. Олар үшін барынша жағдай жасалған. Диализ залы толықтай германиялық «BBraun» компаниясының медициналық қондырғыларымен жабдықталған. Ол бесінші сатыдағы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қордайдағы Сарыбұлақ ауылында балалар алаңшасы қолданысқа берілді. Ашылу салтанатына ауылдық округ әкімінің орынбасары М.Ибраимов, ауыл ақсақалы Қ.Бұзаубаев және ауылдың тұрғындары қатысты.
Жүздерінен күлкі кетпеген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.