Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бекжан Пірматов: Нарыққа мықты әмбебап банк қажет. Forte – дәл осындай банк

0 224

Жақында Forte директорлар кеңесі банк басшылығының ауысқанын хабарлады. Басқарма төрағасы Рейнис Рубенис жеке себептерге байланысты отставкаға кетіп, туған жері Латвияда отбасымен қайта қауышуға шешім қабылдады. Оның орнына қаржыгерлер мен кәсіпкерлер арасында танымал тұлға Бекжан Пірматов тағайындалды. Біз банктің жаңа басшысына ForteBank клиенттері мен сарапшылар қауымдастығының көкейіндегі сұрақтарды қойып көрдік.

 

– Бекжан Олжаұлы, қайырлы күн! Сізді жаңа лауазымыңызбен құттықтаймыз! Ең алғашқы сұрағымыз – банктің сіз қабылдап алғандағы жағдайы қалай? 

 Мен банкті өте жақсы деңгейде қабылдап алып жатырмын. Қаржы институты тұрақты, сенімді, табысты және қызметтерді цифрландыруға баса назар аудара отырып, серпінді дамып келеді. Күні кеше ғана халықаралық S&P Global Ratings агенттігі ForteBank-тің ұзақ мерзімді несие рейтингін «Тұрақты» болжамымен ”B+”-дан “BB-”-ге дейін көтерді. Бұл капиталдандыру көрсеткіштерінің күшеюінің арқасында мүмкін болып отыр.

Бүгінгі Forte үш банктің бірігуі негізінде пайда болғанын еске салғым келеді. Олардың екеуі проблемалы еді, сондықтан агрессивті несиелеу саясатына байланысты бұл банктер бірігуге дейін терең қайта құрылымдаудан өтті. Қазіргі ForteBank-ті құрып, бизнес үлгісін жасаған шақта, оның ішінде несие саясатындағы өткеннің қателіктері жан-жақты зерттелді, барлық мәселелер ескерілді. Соның арқасында біз классикалық сенімді әрі әмбебап банкті құра алдық, енді оны толығымен цифрландыруға бар күш жұмсаймыз.

Реттеушінің талаптарын орындау мәселесінде біз қатаң тәртіпке ден қойдық және алдағы уақытта да бұл ұстанымды ұмытпаймыз. Қазір банк капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігі бойынша барлық талаптарды жүйелі түрде орындайды. Мәселен, 2022 жылғы 1 маусымдағы меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 10% норматив негізінде 18,8%-ға жетсе, ал ағымдағы өтімділік коэффициенті (k4) 30% нормативімен 140,2% деңгейінде. Жеке коммерциялық банктер арасында осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша біз активтер мен депозиттік портфель бойынша 4 орында тұрмыз. Бұл бөлшек және бизнес сегментіндегі клиенттеріміздің бізге деген жоғары сенімін көрсетеді. Онымен қоймай біз осы көрсеткіштерді одан әрі көтеру мүмкіндіктерін көріп отырмыз.

 Жалпы және әртүрлі сегменттер бойынша банктің стратегиясында не өзгереді?

– Топ-менеджменттегі ауыс-түйіс банк стратегиясын өзгертуге себеп емес. Директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері қолға алынған бизнес-модель өзінің тұрақтылығын дәлелдегенін анық түсінеді, соңғы 3-4 жылда біз барлық көрсеткіштерді, соның ішінде табыстылықты тұрақты түрде арттырып келеміз. Ал өтімділікті басқару саясаты сыртқы кедергілерден сүрінбей өтуге мүмкіндік береді, мұны салымшы-клиенттеріміздің бізге деген сенімінің жоғарылауынан аңғара аламыз. Біз сабақтастықты ұстанатын, бөлшек бизнесті, ШОБ және ірі бизнесті қоса алғанда, барлық сегменттерде жұмыс істейтін әмбебап банк болып қала береміз.

Әртүрлі себептерге байланысты соңғы жылдары екінші деңгейлі банктердің саны 36-дан 22-ге дейін қысқарды. Банктер жабылды, біріктірілді, олардың ішінде ірі қаржы институттары да болған еді. Қазір біз халықаралық санкциялардың салдарынан ресейлік банктердің еншілес ұйымдарының қызметі қалай төмендегенін көріп отырмыз. Осындай жағдайда халық пен бизнестің ірі және шағын кәсіпорындардың, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің қаржылық қажеттіліктерін өтей алатын прогрессивті және тұрақты әмбебап банкке деген сұранысының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Ал Forte – осы сұраныстарды қамтамасыз ете алатын бірден-бір банк. Біз клиенттерімізге тартымды шарттарды ұсынып, барлық қажетті цифрлық инфрақұрылымға, филиалдар мен банкоматтардың кең желісіне ие бола отырып, барлық азаматтар үшін сенімді және ыңғайлы қызмет көрсететін банк болып қала бермекпіз.

Forte-нің тәуекелдерге деген тәбеті айтарлықтай өзгермесе де, біз несие алушылар мен транзакциялық клиенттер арасында да клиенттік базамызды ұлғайтудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Соңғы бірнеше жылда банк активтеріндегі несие портфелі шамамен 30-35%-ға тең болды, осы тұста нарықтағы орташа көрсеткіш 50-55% екенін ескеру қажет. Өтімді активтер биылдың екінші тоқсанының басында шамамен 1,4 трлн теңгеге жетті, ал бұл банк активтерінің 53%-ы (сектордағы орташа көрсеткіш – 42%). Сондықтан біз қазір банктің тұрақтылығына теріс әсер етпей, дамып келе жатқан нарық мүмкіндіктерін пайдалануға барынша дайынбыз. Бүгіннің өзінде біз бұл өсу әлеуетін жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, келтірілген деректерге сәйкес, соңғы 6 айда банктің несие портфелі 27,5%-ға немесе 229 млрд теңгеге, оның ішінде ірі корпоративтік клиенттер сегментінде 62,7%-ға немесе 119,9 млрд теңгеге, ШОБ-та 9,5%-ға немесе 26 млрд теңгеге, ал бөлшек сауда сегментінде 26%-ға немесе 83,4 млрд теңгеге ұлғайды.

Көрсеткіштердің ұлғаюы санкцияларға іліккен еншілес ресейлік банктердің клиенттер ағынымен ішінара байланысты. Осы орайда клиенттердің алдында банктердің кең таңдауы болғанын түсінуіміз керек, бірақ олар ең маңызды екі критерийге байланысты Forte үшін дауыс берді. Біріншіден, бұл банктің қаржылық тұрақтылығы, екіншіден, цифрлық және жерүсті инфрақұрылымының қысқа мерзімде осындай жаңа клиенттердің ағымын қабылдауға дайын болуы. Қазір барлық сегменттерде бар өнімдерді одан әрі цифрландыруға және сұранысқа ие жаңа тартымды цифрлық өнімдерді шығаруға көңіл бөлеміз. Цифрлық банктік өнімдер мен қызметтер тәжірибелі серіктестерді тарта отырып, бөлшек және бизнес клиенттер үшін экожүйені құруды жалғастыратын негіз болып табылады.

 Кадрлық немесе құрылымдық өзгерістер бола ма?

– «Верный Капитал» компаниялар тобында дәстүрлі түрде компания мәдениетінде де, бизнес стандарттарында да сабақтастық болуы үшін өз таланттарын дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Әртүрлі себептерге байланысты кадрлық ауыс-түйістер әр мезгілде болып тұратындықтан, бос орындарға бірінші кезекте өзінің кәсіби қабілетін дәлелдеген өз кандидаттарымыз қарастырылады. Мәселен, банк құрылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан әріптесіміз осы аптада ШОБ сегментінің кураторы бос лауазымына тағайындалды.

– Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз, табысты болуыңыздың сыры неде? Банк саласындағы мансабыңыз қалай өтті? Мамандық таңдауыңызға, жалпы кәсіп таңдауыңызға да белгілі қаржыгер ағаңыз қаншалықты әсер етті?

 Ауылдағы көп балалы отбасында үйдің кенжесімін. Менің ата-анам мұғалім (қазір зейнетте) болғандықтан, олар әрбіріміздің жақсы білім алуға деген ынтамызды ашуға тырысты. Соның нәтижесінде барлығымыз мектепті үздік бітірдік.

Үйдің кенжесі болғандықтан ата-анам мені ауылда қалып, солардың ұстаздық жолын қуғанымды қалады. Оған қоса отбасымызда біз өз бетінше шешім қабылдай алатын және сол қабылдаған шешімдерге жауапкершілікпен қарайтын адам ретінде тәрбиелендік. Сондықтан әрқайсымыз мамандығымызды өзіміз таңдадық. 2001 жылы Нархоз университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түстім, ол кезде бұл ЖОО Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті деп аталатын. Үшінші курс оқып жүрген кезімде, өз күшіммен табыс тауып, ата-анама қалай көмектесемін деген ой келді. Сол кезде жұмыс іздеп, ондаған компаниялар мен банктерге түйіндеме жібердім. Осы тұста жұмысқа тұра алмадым, дегенмен банкте тағылымдамадан өтуге ұсыныс алдым. Дәл осы тағылымдамадан өткеніме және алғашқы тәлімгерлеріме алғыс айтқым келеді, өйткені банк саласындағы менің жолым сол жерден басталды.

Мен қазақстандық және HSBC, EBRD сынды халықаралық қаржы институттарында да жұмыс істеп, кәсіби тұрғыда өстім. Бұл мен үшін қазірде күнделікті жұмысымда қолданатын орасан зор тәжірибе болды деп айта аламын. Алғаш 2018 жылы коммерциялық банктің басқарма мүшесі, 2019 жылы басқарма төрағасы болдым.

Ал Forte-ге 2020 жылы басқарма төрағасының орынбасары ретінде қосылдым, осы уақытта мен барлық салаларды – корпоративтік блок пен ШОБ, қазына бөлімі мен бөлшек бизнестің жұмысын басқардым. Forte акционерлері мен директорлар кеңесінің мүшелері осы тәжірибем мен көрсетілген нәтижелерге жоғары баға беріп, маған осындай жауапты рөлді сеніп тапсырып отыр.

Cіздің сұрағыңызға қайта оралатын болсақ, мен табысты мансаптың негізі отбасы мен білім деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, ата-анам бізді әрқашан білімге ұмтылып, жалпы қоғам құндылықтарын негізге ала отырып өз өмірлік жолымызбен жүруге баулыды.

Ал ағам мен үшін кәсібилік пен жауапкершіліктің үлгісі болып қала бермек. Биыл ақпан айынан бері ол Ұлттық банктің тізгінін қолына алды. Осы орайда Ұлттық банк төрағасы жеке банктердің кадрлық шешімдеріне ықпал ете алмайтынын атап өткім келеді. 2020 жылдан бастап банк секторын реттеу мен қадағалау жұмыстарын, сонымен қатар қаржы институттарының басшылық лауазымына келген тұлғаларды Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырады.

 Қазақстанның банк секторын қазір және жақын болашақта қалай елестетесіз?

– Қазақстанның банк секторы – қаржылық өнімдер мен қызметтерді цифрландыру бойынша ең озық секторлардың бірі. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және онлайн сауда-саттықты дамыту аясында бұл үрдіс жалғасады деген ойдамын. Бұл ретте халықтың оң пікір білдіріп, банк қызметіне онлайн түрде қол жеткізуді қалайтын клиент санының өсуі маңызды.

Қазіргі геосаяси жағдайды және мемлекетіміздің географиялық орналасуымызды ескере отырып, банктерге мен қазіргі санкцияларды сақтауға қойылатын талап тек өсе береді.  Сондықтан банктер үшін клиенттеріміздің қызметіне барынша аз әсер ететіндей, ішкі процестер мен бақылауды келесі санкцияларды болдыртпайтындай етіп құрып, сақ болу шарт.

Бұған дейін атап өткенімдей, соңғы 7 жылда банктер саны айтарлықтай қысқарды. Екінші деңгейлі банктер саны 36 болса, қазір олардың саны 22-ге жетті, биылғы оқиғалар осы үрдістің жалғасуына итермелеп отыр. Бір өкініштісі, еліміздегі және әлемдегі қазіргі экономикалық және саяси жағдайға байланысты жақын арада шетелдік банктер біздің нарыққа кіруге ешқандай қызығушылық танытады деп ойламаймын.

Қазір сыртқы экономикалық қызметпен айналысқан көптеген қазақстандық компаниялар бизнес үлгілері мен жеткізу тізбегін қайта құруда. Бұл үдерістердің табыстылығы банк секторы үшін де өте маңызды, сондықтан біз өз клиенттерімізге бұрынғыдан да жақын болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек. Біз де өз тарапымыздан клиенттерімізді әрдайым қолдауға дайынбыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.