Елімізге белгілі қаламгер, публицист, шығармашылық қабілетімен, азаматтық ісімен туған еліне, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Жамбыл облысының Құрметті азаматы», жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның орны біз үшін биік.
Тұлғаның туғанына 85 жыл толуына орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерінің жұбайы Дариға Қасенқызының қатысуымен «Адалдықты ту еткен Ар-аға» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиында сөз алған «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» Амангелді Карентаев:
«Арғынбай Бекбосын қазақ журналистикасының тарланбоз тұлғасы деңгейіне көтерілді. Сонымен бірге отыз жылға жуық Шығыс жұлдыздарының бірі Омар Хайямнан бастау алатын рубаят түріндегі өлеңдері қазақ руханиятының орнығуына күш салды» – деп, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ басқосуға бейнебайланыс арқылы қосылған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің докторанты Дармен Смайыл мен «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясының бас менеджері Шайдолла Шолақов жылы лебіздерін жолдады. Ал жазушы, драматург, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан, «AULIEATA MEDIA» ЖШС-нің директоры Оралхан Дәуіт, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашов, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», ақын, әнші- сазгер Үміт Битеновалар ақынның шығармашылығы туралы сыр шертті. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары мәнерлеп оқыған қаламгердің өлеңдері кештің шырайын кіргізді.
Наргиза Сейтназарова,
Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті