Үш ауылда дәрігерлік амбулатория ашылады
Байзақ ауданындағы Байзақ, Абай және Түймекент елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы жүруде.
Түймекент ауылында 30 келушіге арналған жаңа медициналық тірек құрылысын мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-і, ал Абай ауылындағы 20 келушіге арналған жаңа медициналық мекемесінің құрылысын мердігер «Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-і жүргізуде. Бұйыртса алдағы уақытта белі ауырып, балтыры сыздаған байзақтықтардың дертіне дауа берер теңдессіз емханалар елге есігін айқара ашқалы тұр.
Қаратаудың көшелері тақтайдай тегіс
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Талас ауданы Бостандық, Аққұм, Шәкіров және Талапты ауылдарында барлығы 23,6 шақырымды құрайтын 25 көшеге бюджеттен 470 миллион теңге бөлініп, орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Қаратау қаласына оңтүстіктен кіреберіс 4,1 шақырым аудандық маңызы бар жолға бюджеттен 149 185,0 мың теңге қаржы қаралып, келісімшарт жасалуда.
50/50 басымдық бойынша 15,8 шақырымды құрайтын аудан орталығындағы Ы. Алтынсарин, І.Жансүгіров, А.Байходжаев, Ә.Молдағұлова, Б.Қарашаұлы, Арыстанбаб баба, Майтөбе, Ойық, Тамды және Қызыләуіт ауылдық округтеріндегі әр елді мекеннен бір көшеден жөндеу мақсатында әртүрлі деңгейдегі бюджеттен 468 миллион теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары қарқын алып отыр.
9 ауылға көгілдір отын кіреді
Жамбыл ауданына қарасты Рахат, Ащыбұлақ, Шайдана, Еңбек, Тастөбе, Көлқайнар, Өрнек, Жұма, Ерназардағы ауылішілік көшелер қазылып, газ құбыры тартылып, әр аулаға тетіктер орнатылған болатын. Аталған ауылдарға жеткізілетін газ бір арнаға тоғысады. Яғни, орталық магистралдағы газ құбырының жұмыстары аяқталғаннан соң, бір мезетте 9 ауылға «көгілдір отын» қолданысқа беріледі.
– Биыл облыс әкімінің қолдауымен тұрғындар көптен күткен табиғи отын қолданысқа беріледі. Бүгінде орталықтағы газ құбырын ауыстыруға республикалық бюджеттен 660 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Өңіріміздегі 9 елді мекеннің тұрғындары ауласына жеткізілген газ құбырын үй іргесіне өздері тартып, ошақ, мұржасын туралай беруі керек. Ауылдар газ берілген жағдайда толықтай қосылуға мүмкіндік алғаны жөн. Осы мәселені ауыл әкімдері тағы да бір пысықтап, жұртшылыққа жеткізуі қажет. Ауылдар қатты отынның қамына емес, табиғи газдың қарекетіне кіріскені дұрыс, – дейді аудан басшысы Ерлан Қыдыралыұлы.
Мойынқұмдықтар «асарлатып» үй салуда
«Көп түкірсе – көл». «Жұмыла көтерген – жүк жеңіл» деп қазақ халқы елдің бірігуі арқылы мұқтаж жандарға көмек созуды ертеден ілкімді іс санаған.
Осыған орай «Асарлатып үй салу » жобасы бойынша Мойынқұм ауылының тұрғыны, көпбалалы ана М.Сарсембекованың тұрмыстық жағдайы зерделеніп, баспанасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков бастап, аппарат, округ әкімдігі, мекеме, бөлім қызметкерлерін ұйымдастырып тұрғын үй фундаменттін құюды бастап кетті. Негізінен асарлатып салынып жатқан үйлер әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің демеушілігі, ақсақалдар мен жастардың және округ әкімінің көмегімен жүргізілуде.
Қордайдағы орталық саябақ жаңартылуда
Жергілікті тұрғындар демалатын қоғамдық орындарды, әсіресе саябақтарды заман талабына сай жаңарту және түрлі іс-шаралар өткізуге лайықты жағдай жасаудың маңызы жоғары. Осы мақсатта қордайлықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі – орталық саябақ аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлының тапсырмасына сәйкес толықтай жаңғыртудан өтуде. Аумағы 1.6 гектарды құрайтын демалыс орнына жөндеу жұмыстары соңғы рет 2013 жылы жасалған екен.
Қордай ауылының әкімі Б.Сахатовтың айтуынша, алдағы уақытта саябақ аумағына үлкен сахна қойылып, мәдени-шаралар өтетін орынға айналады. Әрине, бұл жаз айларындағы шағын шараларды өткізуге ыңғайлы орын болары сөзсіз. Сонымен қатар, орталық саябақ аумағында жарық бағаналары, асфальт, тротуар плиткалары жаңартылып, жаңа орындықтар мен қоқыс тастайтын құтылар орнатылып, сыртқы қоршауы толығымен ауыстырылатын болады. Демалушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп, саябаққа бейнебақылау камерасы мен полиция пунктінде салу ойластырылған.
Наурыз айында жұмысты бастаған мердігер компания бүгінде саябақтың сыртқы қоршауын биік темір дуалмен қоршап, тратуарлар қазып, ескірген ағаштарды кесіп үлгерген. Ауыл тұрғындары көптеп жиналатын саябақ маңынан және ішінен сауда нүктелерін ашуға ниет білдірген азаматтар қатары да көп. Қазірдің өзінде саябақтың дәл ортасынан жеке кәсіпкер «Inzhu Terrassa» атты дәмхана мен балаларға арналған ойын алаңшасын ашып, маусым айынан жұмысын бастаған.
Дайындаған Дариха Үмбетиярова