Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Билігі мықты елдің тірлігі құтты»

0 644

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілген. Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізу, мемлекеттік сектордың басқару әлеуетін күшейту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру болып табылады.

Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Өйткені, олар – билік пен бұқараның арасын жалғап, ел дамуының ілгерілеуіне ықпал ететін мемлекеттің негізгі күші. Олардың кәсіби білімі мен біліктілігі, пайымы мен парасаты, адалдығы мен жауапкершілігі халықтың мемлекетке деген көзқарасы мен сенімін қалыптастырады.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері аталған салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік елдер арасында алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды.
Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Ол билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. Кез-келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы басқа мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл – өзін-өзі жетілдірудің тұрақты жағдайы.
Мемлекеттік қызметші іс-әркетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Оның сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы да әдептіліктің белгісі.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға айрықша назар аударылып, көңіл бөлінуде. Бұл жағдайда мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуымен, мемлекеттік басқару жүйесінің оңтайландырылуымен тығыз байланысты. Кейбір адамдардың ойынша мемлекеттік қызмет дегеніміз күніге 8 сағаттық жұмыс қана, ал шындығында мемлекеттік қызмет дегеніміз тәулік бойы міндет пен жауапкершілік. Олай болса, мемлекеттік қызметкер болу — зор құрмет, ол халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір қызметін атқарып тұрғандай, бұл өте жауапты да, қиын және қызықты қызмет екенін айтпаса да анық.
«Билігі мықты елдің тірлігі құтты» демекші, күн өткен сайын мемлекеттік қызметшіге қойылар талап та, жүктелген жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Мемлекеттік қызметтегі басты талап – тиімділік, нәтижелілік, жариялылық және халықтың сұраныстарына сай қызмет ету болуы қажет». Осы талап үдесінен шығып, еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, оның ыстығы мен суығына төзіп, білімдері мен тәжірибелерін ел болашағына арнап жүрген әріптестерімнің еңбектері қашанда құрметке лайық.
Адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, кәсіби шеберлік пен біліктілігімізге сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда қиын. Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек ету басты мақсатымыз.
Мемлекеттік қызмет саласында қызмет етіп жүрген барша әріптестерімді айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріне сәттілік тілеймін!

Ерғазы Бердібеков,
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.