Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тастаяқтан өткен тартысты турнир

0 1  348

«Империя» бильярд клубында облыстық «Aq Jol» газетінің 100 жылдығы мен ата басылымды ширек ғасырға жуық басқарған ардагер журналист Баттал Жаңабайұлының құрметіне тастаяқтан республикалық турнир өтті.

Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа Бекет Момынқұл, Асқарбек Сейілхан, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ғалым Қасабай, Баймаханбет Ахмет, Амангелді Әбіл сынды журналистиканың аға буын өкілдері келіп, ізгі лебіздерін білдірді. Сондай-ақ Шымкент қаласынан ат терлетіп келген Керімбек Ниязбеков пен «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Абаилдаев өз өнерлерін ортаға салды.
Турнирдің ашылуында сөз алған Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек баспасөздің абызы Баттал Жаңабайұлы туралы орамды ойын жеткізді.
– Шараның алдында ақсақалдың үйіне барып, батасын алдық. Қарияның әлі санасы сергек, қимылы ширақ екенін көріп көңіліміз марқайды. Мұндай тұлғаның атындағы турнирді ұйымдастыру біз үшін де зор мәртебе. Алдағы уақытта бұл сайысты тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы болған турнир нәтижесінде қарсылас шыдатпаған «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған 1-орынды еншілесе, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев 2-орынды иеленді. Үшінші орынды «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Абаилдаев олжалады. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған және тәуір ойын өрнегін көрсеткен 10 журналиске ынталандыру сыйлығы бұйырды.
Жарыс соңында «Aulieata media» холдингінің директоры Оралхан Дәуіт, «Aq Jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиевтермен бірге сала ардагерлері турнир жүлдегерлерін марапаттап, қаржылай сыйақыларды табыстады.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.