Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құмар ойынның құрығына түспе!

0 1  331

Қазір заман өзгерді ме, әлде адам ба, түсініп болмайсың. Тепсе темір үзетін жігіттер өздеріне тұсау салып, жеңіл ақшаның буына ілесіп барады. Бұрын халқымыз он үште отау иесі деп әспеттеп, мұрагерінен зор үміт күткен. Ал қазір 30-дан асса да ата-анасының зейнетақысына ортақтасып жүрген азаматтарды көріп іштей қынжыласың, әрі намыстанасың. Бұл жұмыстың тапшылығы ма, әлде жастардың жалқаулығы ма?

Қазір ғаламтордың дәуірі болғандықтан жеңіл ақша әкелетін сайттар да, түрлі ойындар да саңырауқұлақтай қаптауда. Тіпті шаһардың кез келген бұрышынан букмекерлік орталықтарды жиі көзіміз шалады. 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін әлгі орталықтарға бас сұққан талай жас қыруар ақшасынан айырылып жатыр. Олардың ойнаудағы басты мақсаты – ұтыс. Ұтқан сайын қызыға, құныға түсетіндіктері де сондықтан. 100 теңгесін 1000, 1000 теңгесін 10000 теңгеге көбейткісі келіп отырып қалталарындағы соңғы тиындарын санап бергендерін де аңғармай жатады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда «Мәйда» сүресінің 90-шы аятында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар және бал ашатын оқтар – шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар» – деген екен. Яғни, Жаратқан Иеміз үлкен күнәлардың қатарында арақ, пал ашу және құмар ойынды да ерекше атап өткен.
Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Жастайынан еңбекке араласып, адал асын тауып жеп жүрген замандастарым да баршылық. Тек жалқаулық пен жеңіл ойға бой алдырғандардың қарасы артып бара жатқанын да жасыра алмаймыз. Соның салдарынан өздеріне қол жұмсап, орны толмас өкінішке ұрынып жатқандар да аз емес. Сондықтан осындай орталықтардың орнына жастар әуес болардай пайдалы әрі бос уақыттарын тиімді өткізетін орындарды көптеп ашса нұр үстіне нұр болар еді.

Айнура Сейділдаева,
Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.