Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нәсібін жерден тапқан кәсіпкерлер

0 147

Бүгінде бақша иелері өз бау-бақшаларын түп-түзу етіп, арнайы құрылғыларды қойып, құдды бір картинадағыдай әсемдеп қоятынын көріп жүрміз. Мұндай күтіп-бағылған бау-бақшалар көздің жауын алады. Біз де өсімдіктері сызғышпен сызылғандай түп-түзу қатарларда өсіп тұрған Саровтардың бақшасының жанынан жәй ғана өтіп кете алмадық. Көзге бірден бірнеше сотық жерде өсіп тұрған түрлі-түсті өсімдіктер түсті…
Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы бұл бақшада үйреншікті қызанақ пен қияр, қырыққабат емес, асжапырақ, райхан, екі түрлі салат өседі екен. Бұл көкөністерді өсіруді Муса Саровтың отбасы қолға алған. Оның ең басты көмекшісі ұлы Мүбәрак жалқауланбасаң, ауылдағы өмір қаланыкінен әлдеқайда жақсы деген пікірде. Дегенмен, ол үшін таң азаннан күн батқанша жұмыс істеу керек. Ал оған әрбір адам шыдай бермейді.
Саровтар бақша жұмыстарына қыста кірісіп, жылыжайға әртүрлі дақылдарды отырғыза бастайды. Олар жапырақты көкөністерді өсіруге ден қойған. Бұл табысты бизнес. Бір маусымда өнім 3-4 рет жиналады, барлығы өсімдіктердің өсу кезеңіне байланысты. Кейбір түрлерден өнімді 30-40 күн ішінде алуға болады. Жер телімінің бір бөлігіне ерте көктемде картоп егіліп, өнімі жиналып үлгерген.
Айта кетерлігі, Мүбәрак Мусаевич судың шығыны аз болып, суғаруға кететін уақытты барынша үнемдеу мақсатында бақшаны суғаруды оңтайландырып, тамшылатын суару әдісін ұйымдастырған. Бұл ретте су түгел бақшаға жайылмай, өсімдіктің тамырына дейін жетеді, ал жаңбырлатып суғару әдісін қолданғанда жердің үстіңгі қабаты ғана суланады. Демек, тамшылатып суару әдісі бойынша су шығыны азайып, өнімділік артады.
Мүбәрак егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын да алып жүр. Қазір бордақылауда оншақты бас ірі қара бар.
-Мен сөзімді әсемдеп сөйлей алмаймын. Отбасым мақтан тұтып, басқалары құрметтеп-қадірлеу үшін еңбектеніп, өмір сүріп жатырмын, — дейді ризығын жерден терген Мүбәрак Саров.

Жалпы, Сортөбе ауылдық округінің тұрғындары негізінен егін шаруашылығымен айналысады. «Идыбо Санху» шаруа қожалығының егін алқаптары ауыл шетінде орналасқан.
Шаруашылық басшысы Ихар Цешанло 1,5 гектар жерге картоп, жүгері және жоғары сұранысқа ие сарымсақ өсіреді. Қазір алқапта жұмыс қызу жүруде, сарымсақтың өзектерін тұқым салып үлгермей, уақытылы жинап алу керек. Себебі өзектерге бірталай қоректік зат кетіп, өнімнің сапасы нашарлауы мүмкін. Өнім шілде айының басында жиналып, Алматыға жолданбақ, себебі ауданда бұл көкөніске сұраныс аз. Өзекті және өнімді жинау үшін шамамен 20 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады.
-Мол өнім алу үшін еңбектену керек. Әр кезеңнің өз ерекшеліктері бар: тұқымды дұрыс таңдап, оны егіп, күтіп-бағу керек. Ауа райы жағдайы да әсер етеді. Өнімділік осының бәріне байланысты, — дейді Ихар.
Расында, Жер-Ана күтіп баптасаң ғана бойынан нәрін береді. Тынымсыз тер төгудің арқасында еңбегі жанған диқандардың бейнеттерінің нәсібі төгілсін дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.