Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 547

Ерлікке көрсетілген құрмет

Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен байзақтық Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевқа ескерткіш тақта орнатылды.
Аталған шараға «Қосы батыр» қоғамдық қорының мүшелері, қаладағы, ауылдағы аталған көшенің тұрғындары қатысты.
Ескерткіш тақта маңайы абаттандырылып, тал-теректер егілген. Үлкен мрамор тақталарға батырдың суреті, қашалып жазылған аты-жөні және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетін бірнеше жыл басқарған ұлы тұлға, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері, жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның батыр туралы естеліктерінен қысқаша үзінділер келтірілген.

Жаңаталап ауылында атшабар кешені ашылды

Сарысу ауданы Жаңаталап ауылдық округі, Жаңаталап ауылында атшабар кешені салтанатты түрде ашылды.
Бұл күні қуаныш еселеніп, Жаңаталап ауылының тұрғыны, Соғыс және Еңбек ардагері Сұлтанбек Әлтішұлының 110 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрінен «Тай» және «Аламан» бәйге өтіп, дала төсін думанға бөледі.

250 адамға арналған демалыс орталығы салынуда

Жамбыл ауданының орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Гродекова ауылдық округінің аумағындағы «Almaly resort» демалыс аймағының құрылыс жұмыстары жүруде.
Досан Рымтаев басшылық ететін «Фортис Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демалыс орталығына бүгінде 550 миллион теңге қаражат жұмсаған. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған нысанға ұзындығы 10 шақырымды құрайтын электр желілері жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтеріп үлгерген. Құрылыс жұмыстарына 60 азамат жұмылдырылуда.
Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалауға мүмкіндік алады. Жоба толығымен аяқталса, орталық бір мезетте 250 адамды қабылдай алады.

Балық өсіруге жасалған бетбұрыс

Облыс әкімінің бастамасына сәйкес жасанды су айдынында қолдан балық өсіру шаруашылығы Тұрар Рысқұлов ауданында да да қолға алынып, дамып келеді. Шөңгер тау бөктерінде орналасқан «Номад» шаруа қожалығының басшысы 60 000 шабақ жіберіп, игілікті ісін бастаған. Алдағы уақытта 200 000 шабақты жасанды су айдынына жіберіп, өсіруді жоспарлауда.
Қазіргі таңда 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Балаларға базарлық

Меркі ауданындағы орталық стадион аумағында демеушілердің қолдауымен балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді.
Сонымен қатар Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай қоғам қайраткеріне арналған ескерткіштің айналасында абаттандыру жұмыстары да жүргізіліп, атымтай жомарт азаматтар сауапты іс қылуда.

Табиғи газ тартылуда

Жуалы ауданы Қошқарата ауылдық округі Ақтасты ауылына табиғи газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды «Рем-Строй» ЖШС мекемесінің жұмысшылары мен техникалары жүргізуде. Тұрғындар көмір тасу мен от жағу, күл шығару машақаты артта қалар күн жақын қалғанына қуанып, алғыстарын жеткізуде.

Жаңа мешіт бой көтерді

Жақсылық жасауға жаны құмар жандардың бірі, жеке кәсіпкер Еркебұлан Қайратұлы Байзақ ауданы, Ботамойнақ елді мекенінен еңселі мешіт үйін тұрғызып, ел игілігіне ұсынды.
Имандылық үйінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, Түркістан облысы, Сарыағаш медресесінің негізін қалаушы Абдужапар Сманов, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі Ғазиз Абаханов,«Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз қажы Азизов қатысып, жүрекжарды лебіздерін жолдады.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.