Қалалық қоғамдық-саяси газет

1 маусым – Балаларды қорғау күні

0 403

Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні. Бұл күнді тек біздің ел ғана емес, 1949 жылдан бері әлемнің көптеген елі тойлайды. Балаларды қорғау күні олардың денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.

Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. Балаларды қорғау күнінде қорғау шаралары ғана емес, олардың көңіл-күйлерін көтеру концерттері де болады. Бұл мереке балалардың асыға күтетін мерекесі. Себебі жыл сайын бұл мерекеде бүлдіршіндерді қуанту үшін іс-шаралар өткізіледі. Осылайша Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі десек те болады. 1 маусымнан бастап барлық мектептерде жазғы демалыс уақыты басталады. Кеңес Одағы кезінде Балалар күнінде балаларға арналған жаңа көркемфильмдер, телебағдарламалар көрсетіліп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, оған балалардың ата-аналары да міндетті түрде қатысып, жазғы демалыс балалар үшін ерекше көңіл-күймен басталатын. Қазір де солай. Жазғы лагерьлер, саябақтардың есіктері айқара ашық баршаға. Тек ақылы түрде. Міне, осы 1 маусым күні жағдайы төмен балаларға қаржылай көмек көрсетіліп, жазғы лагерьлерге тегін жолдама беріледі. Балалардың бақытты сәтін, күлкісін көруден асқан бақыт жоқ шығар. Балаларға бақыт сыйлап, көңілін көтеретін мұндай күндер аз емес, әрине. Дегенмен де осы 1 маусым күні балаларға арналған түрлі іс-шараларға басымдық беріледі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Балаларымызды қорғай білейік!

Заңғар Нұрғали,
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің
Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.