Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев «Талас» ықшам- ауданы, №29 үйдің ауласында тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында Ержан Жұматұлы 5 маусым күні өтетін республикалық референдумның маңызына кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында бірқатар саяси реформаларды жариялаған болатын. Соның нәтижесінде Ата Заңға көптеген өзгерістер енгізілмек. Осы мақсатта жалпыхалықтық референдум өтетіні баршаңызға белгілі. Еліміздің тарихында осымен екінші рет өткізілгелі тұрған саяси науқанның маңызы өте зор. Біз осы арқылы кемел келешекке қадам басып, Жаңа Қазақстанның іргетасын қалаймыз. Талқыға ұсынылып отырған құнды құжаттың жобасында Президенттің өкілеттілігін азайту, оның туыстарының мемлекеттік қызметке араласпауы, Мәжіліс пен мәслихаттардың беделін көтеру, Конституциялық Сот құру сынды бірқатар елеулі түзетулер көрініс тапқан. Бұл дегеніміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі айғағы. Ешкім бізге сырттан жерұйық орнатып бермейді. Оны өзгертетін – тек өзіміз. Сіздердің референдумға келіп, дауыс бергендеріңіз соған қосылған үлкен үлес болады. Сол үшін баршаңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын, – деді Ержан Жылқыбаев.
Бұдан кейін қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев, Қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов және референдумды қолдау жөніндегі штаб басшысы Мұрат Бердалиев сөз алып, саяси науқан жөнінде өз ойларын ортаға салды.
– Біз тарихтың жауапты кезеңінде тұрғандығымызды айқын сезінуіміз керек. Алдағы референдум мемлекетіміздің жаңа болашағын анықтайды. Осы өзгертулер арқылы біз дамудың жаңа сатысына түсетін боламыз. Саяси реформаны қолдап, референдумға дауыс беруге келген әрбір адам осыны білуі тиіс. Сонымен қатар бұл науқан мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау және нығайту мақсатында да қажет. Сондықтан әрқайсысымыз жауапкершілікті сезінгеніміз жөн, – деген Мұрат Әзімханұлы жарқын болашақты қалыптастыруда белсенді болу керектігін жеткізді.
Тұрғындар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.